18.06.2021, 9:52
Қараулар: 43
«Жас сарбаз» жеңіс жолында

«Жас сарбаз» жеңіс жолында

Мемлекет Басшысының 2018 жылғы 5 қазанындағы Жарлығын орындау, өскелең ұрпақтың патриоттық тәрбиесін жетілдіру мақсатында Бәйтерек ауданы Трекин қазақ мектебінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық сыныбы ашылған болатын.

Жасөспірімдерді әскери патриоттық тәрбиеге баулу, олардың әскери қызметке деген қызығушылықты арттырып, физикалық, рухани дамуына ықпал ету мақсатында құрылған клуб мүшесі болуға ниет білдірген 27 оқушының Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдарындағы «Жас сарбаз» мамандандырылған сыныптары туралы Жарғысында қойылған талаптарға сәйкес және оқушылардың сынақ қорытындылары бойынша 18 ғана қабылданған.

Бүгінде арнайы сынып оқушыларының үлгері жоғары еекнін айтады ұстаздар. Одан бөлек жас сарбаздар бекітілген тәртіпке сәйкес және дене дайындығын жүргізіп, күн сайын ауыл спорт алаңы мен мектептің спорт залында жаттығады. Сонымен қатар, аптасына 2 сағат «Жас сарбаз» факультатив сабағына қатысып, алғашқы әскери дайындық дәрістерін алады. Қосымша сабақ барысында сарбаздардың сапта жүру, қару-жарақтарды қолдану, автоматтың құрылысы, оны қолданудың тәртібі, жарақат алған кезде алғашқы медициналық көмек көрсету сияқты теориялық білімдерін шыңдайды.

-Патриоттық тәрбие тек әскери білімді ғана емес, мәдени және рухани білімді талап етеді. Оқушылардың әдеби талғамын ояту, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында күнделікті жаттығудан кейін 30 минуттық кітап оқу ұйымдастырылады. Әдеби шығармаларды оқушылар өздері таңдайды. Бірақ ұстаздары батырлар жыры, Бауржан Момышұлының, Қасым Қайсеновтың шығармаларын оқуға бағыттап отырады. Соның арқасында READx жоба аясында сәтті қорғап шықты,-дейді мектеп директоры Нұрсәуле Талипова.

Сондай-ақ, оқушыларға үлкен ықпал ететін рухани азық театр екенін ұққан ұстаздар қауымы оларды Х.Бөкеева атындағы Қазақ драма театрына алып барып, «Жусан» драмасын тамашалаған.

Құрылғаннан бері «Жас сарбаздар» Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін көтеру және әскери қызметті насихаттау, жастардың әлеуетін көтеру, салауатты өмір салтын ұстанып, туған жер мен Отанға деген патриоттық сезімді арттыру мақсатында БҚО білім басқармасы мен БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің ұйымдастыруымен өтетін «Мен

сарбазбын!» акциясына қатысып келді. Сонымен қатар арнайы сынып оқушылары түрлі бағыттағы птриоттық шараларды да ұйым дастырып тұрады.

Биыл трекиндік оқушылар өткен «Алау – 2021» әскери-спорттық ойыны аясында Ауған соғысының ардагері, жерлестері Хамит Набиоллаұлы Нурмуханов туралы «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Ерлік» тақырыбында тарихи-өлкетану зерттеу жобасын сәтті қорғады. Жобаға дайындық барысында балалар кейіпкердің өмірін зерттеп қана қоймай, тарих жылнамасынан өзінің қаралы, нәубет жылдарымен орын алған Ауған соғысы туралы, өз Отанына шексіз берілген, патриоттық рухы жоғары, қайсар жауынгерлердің ерлігі жөнінде біле алды. Оқушылардың ғылымға бет бұрғандары да қуантады,-дейді мектеп директоры Н.Талипова.

Арнайы сынып оқушылары осы кезге дейін талай әскери-патриоттық жарыстарға қатысып, өздерін тек жақсы қырынан таныта білген. Қазірдің өзінде түрлі челлендждер мен ссайыстарды құр жібермейтін олар Қажымұқан Мұнайтпасұлының 150 жылдығына арналған «Ұлы дала батырымен бір толқында» байқауына арнайы видео дайындаған.

Биыл оздырылған «Жас сарбаз» сыныптарының оқушылары арасында әскери-патриоттық жұмыстарды жетілдіру; әскери-патриоттық тәрбиені дамыту, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің мәртебесін көтеру және әскери қызметті насихаттау мақсатында өткен облыстық «Жас сарбаз – 2021» әскери-спорттық жарысында Трекин оқушылары жалпы командалық ІІ орынға табан тіреді. Бұл құрылғанына көп бола қоймаған арнайы сынып оқушылары үшін үлкен жетістік.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы