9.08.2021, 15:21
Қараулар: 66
Мал баққанды ғана емес, қадағалауды да қажет етеді

Мал баққанды ғана емес, қадағалауды да қажет етеді

Аудан орталығының тұрғындары отыратын ватсап чаттардың біріне Наталья есімді қолданушы ауласына кіріп, бақшасындағы гүлдерді жеп тұрған сиырдың бейнеролигін жіберіп, малдың қожайынын іздеп жатқандығын айтты.

Бейнеролик иесіне хабарласып, мәселенің мән жайын сұрағананымызда жаз бойғы еңбектің еш кеткеніне налыған тұрғын мақұлықтың ені мен құлағына таққан сырғасын суретке түсіруді ұмытқанын жеткізді.

-Демыс күні болды бұл оқиға. Телефон соққан көршім аулама сиыр кіріп, бақшамды жеп жатқанын айтты. Жүгіріп шықтым да, бірнеше секунд видеоға түсіріп, малды айдап шықтым,-дейді ауыл тұрғыны Наталья Швабенланд.

Ауласындағы сиырды қуып жүрген Натальяға көмекке келген көршілері аталған мүйізді тек оған ғана емес, айналадағы үйлердің барлығында жиі қонақ болатынын айтыпты. Яғни бұзақы сиыр біреу екен. Сол кезде бірден учаскелік инспекторға хабарласып, мән-жайды түсіндірген Наталья ханым мал иесінің табылмағаны өкінішті дейді.

-Оқиғадан соң әлгі сиыр аулама кірмеді. Көршілерімізді де мазалауын қойған. Полиция қажетті шараны қолданса керек,-дейді бақшасы бүлінген тұрғын.

Ия, соңғы уақытта ауыл ішін кезген төртаяқты көбейді. Қараусыз жүрген ірі қара жұрттың ауласын бүлдіріп, бақшасын жеп қана қоймайды. Көшенің де сәнін кетіреді. Олардың жол бойына және ғимараттардың алдына тастаған жапасын жинау да оңай емес. Осы ретте малын қараусыз қалдырған азаматтар жауапқа тартылатынын еске саламыз. Жергілікті полиция қызметінің бастығы Азамат Жұмағұлов «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу туралы» ҚР әкімшілік құқықбұзушылық жөніндегі Заңның 408-бабы бойынша малын қараусыз қалдырған азаматқа ескерту не болмаса үш айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл салынатынын айтады.

-Соңғы кезде ауыл ішін кезген мал көбейгені рас. Учаскелік инспекторлар қараусыз жүрген мақұлық иелерін тауып, оларға ескерту жасайды. Осы кезге дейін ірі қарасын не басқа да жануарын қараусыз қалдырған 67 тұрғын үстінен хаттама толтырылды. Олардың 60-на ескерту жасалған болса, 7 азаматқа айыппұл салдық,-дейді полиция майоры Азамат Жұмағұлов.

Осылайша бағамыз деп жауапкершілігімізге алған жануарымыз ауыл сәнін кетіреді. Бұл арқылы тұрғындарға мал бақпасын демейміз. Бірақ әр адам өз мақұлығына үлкен жауапкершілікпен қарағаны дұрыс.

Ауыл ішін бүлдіргені қараусыз малдан келетін зиянның кішісі секілді. Өйткені соңғы уақытта автокөлік жолдарында бағымсыз жүрген мал кесірінен болатын апат жиіледі. Аталған фактілер мал өтетін жерлерде арнайы жол белгілерінің жоқтығынан және ауыл шаруашылығы

жануарларын бағу қағидаларының бұзылуынан орын алады екен. Соның салдарынан болған оқыс оқиғалар қайғылы жағдаймен аяқталыпта жатыр.

Облыс бойынша да мал кесірінен болған жол апаты көбейді. Ауданда да ондай оқиға орын алды. Жуырда Орал-Кирсанов автожолында «Volkswagen» көлігі жүйткіп келе жатып, жолға шауып шыққан жылқымен соқтығысқан. Апат салдарынан 1997 жылы туған жүргізуші ауыр жарақат алып, қалалық көпбейінді ауруханада көз жұмыпты. Бұл жайтты аудандық полиция бөлімі мәлімдеді.

-Қазіргі таңда аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігі «Жол жүру қағидаларын бұзу» бойынша сотқа дейінгі іс қозғалды. Сондай-ақ мал иесі анықталып, Ол ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұнымен қоса, аудан тұрғындарына ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың типтік ережелерін бекіту туралы» бұйрығының күшіне енгендігі жайында ескертіп, қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырамыз,-дейді жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция майоры Азамат Жұмағұлов.

Орал-Кирсанов бағытындығы жолда болған оқыс оқиға – бағусыз жүрген мал кесірінен биыл болған алғашқы жағдай. Десе де әр азамат өз қарамағындағы мақұлығына үлкен жауапкершілікпен қарағаны абзал.

Полиция қызметкерлі көлік апаттарын алдын алу және болдырмау мақсатында іс-шаралар жүргізуде екен.

Сонымен қатар қараусыз мал – ұры-қарының да оңай олжасы. Осы күні жайылымнан ұрланған мал саны артқан. Олардың ізіне түсу де қиынға соғатынын айтады құқық қорғаушылар. Тіпті ізге түскен күннің өзінде табу жағы қиынға соғады екен. Неге десеңіз, көп малдың арнайы нөмірі жазылған сырғасы жоқ болып жатады.

-Көбіне сатып алған түлігін қожайындары тіркемейді. Ал тіркеуде жоқ малды табу оңай емес,-дейді жергілікті полиция қызметкерлері.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, аталған мәселені шешудің жалғыз жолы жылқыны чиптеп, ірі қараға арнайы сырға салу екен. Бұл жұмысты аудандық ветеринариялық станция мамандары атқарады. Аталған бөлім маманы Құндыз Жұмағалиеваның айтуынша, малды сәйкестендіру жұмысы осы күні қарқынды жүріп жатыр екен.

-Жануарларды таңбалап, чиптеудің басты мақсаты төрт түліктің кімге тиесілі екенін анықтау. Сәйкестендірілген жануарлар бірдейлендіру дерекқорында сақталып, оқыс оқиғалар, ұрлық-қарлық орын алған жағдайда арнайы нөмірі арқылы іздестіріледі,-деді аудандық ветеринариялық станция маманы Құндыз Жұмағалиева.

Маманның сөзінше, мал сәйкестендіру жұмысы жыл аяғына дейін жалғаспақ. Қазіргі таңда жол бойында орналасқан Янайкин, Көшім, Щапов, Январцев, Махамбет, Краснов сияқты ауылдық округтердегі іріқара мен жылқыны сәйкестендіру жұмысына баса назар аударылып отыр екен. Өйткені осы ауылдар маңындағы жол бойында мал көп жайылады.

-Бүгінгі таңда жылқыларға салатын екі мың чип алынды. Олардың бір мыңын округтерге таратып бердік. Қолда бар дерек бойынша, ол чиптердің

447-сі салынды. Жұмыс әлі де жалғасады,-дейді ветеринариялық станция маманы Құндыз Жұмағалиева.

Малды бірдейлендіру арқылы әр азамат өз түлігін арнайы базаға тіркейді. Сол арқылы жоғалған кезде іздеп табуға болады. Сол себепті сиырға – сырға, жылқыға чип салуымыз қажет.

Мақала дайындау барысында ауылдың біраз тұғынымен тілдестік. Олар қараусыз ірі-қара көпшілікті мазасын алғанын айтады. Негізінен бақша егіп, қиыр,қызынақ отырғызған азаматтар налиды. Телефон нөмірімізді алып қалған переметныйлықтар ауылдың әр шетінде қаңғыған малдың суреттерін жіберді. Келген бейнелердің бір бөлігін мақала ішіннен көре аласыз.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы