16.08.2021, 9:15
Қараулар: 64
Санақтың бірінші кезеңі сәтті өтті

Санақтың бірінші кезеңі сәтті өтті

Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы 2009 жылы 25 ақпан мен 6 наурыз аралығында өткен. Араға 10 жыл салып, 2019 жыл қайта санақ жүргізілу керек болды. Алайда пандемияға байланысты санақ жүргізу процесі әуелі 2020, кейін 2021 жылға ауыстырылды.

Ұлттық санақ жүргізудің алғашқы кезеңі биыл 1-30 маусым аралығында өткізілді. Бұл маңызды науқанға төрт нұсқаушы және он алты интервьюер тартылып, барлығы 68 елді мекенді аралап, қажетті мәліметтерді жинаған. Ол туралы аудандық статистика басқармасының басшысы Мендібай Байбулов мәлімдеді.

Енді ұлттық санақ жүргізудің екінші кезеңі басталады. Ол науқан 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілмек екен. Бұл кезеңнің ерекшелігі санақ басталған күннен қазанның 15-іне дейін «Sanaq.Gov.Kz» сайты арқылы тұрғындар өздері тіркеліп, сауалдарға онлайн жауап бере алады. Ал бірінші қазаннан бастап айдың соңына дейін бекітілген 78 санақшы онлайн санақтан өтпегендерді тіркеп, мәлімет жинауды жүзеге асырмақшы.

-Тұрғындар тарапынан ұлттық халық санағы не үшін қажет деген сұрақтың туындайтыны анық. Халық санағы – статистикалық мәліметтерге сүйене отырып, елдегі халық санының өскенін, этникалық құрамын дәл білу арқылы, халықтың тұрмысы мен әл-ауқатын зерттеу үшін, бұрыңғы есептермен салыстыра отырып, алдағы кезеңдерге талдау жасауға мүмкіндік бермек, — дейді аудандық статистика басқармасының басшысы Мендібай Байбулов.

Тағы бір айта кетерлігі, санақ жүргізу барысында тұрғындар тарапынан қандай да бір түсінбеушіліктер орын алмаса да, санақтың басы-қасында жүрген мамандар жолдың ұзақтығы өз алдында, көлік мәселесі біраз қиындықтар тудырғанын айтты.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы