20.05.2021, 9:36
Қараулар: 29
Сытылып кетем десе керек

Сытылып кетем десе керек

Жуырда Бәйтерек ауданына қарасты Көшім ауылында «С» есімді азаматтың үйінде ішімдік ішіп отырған «достары» оған қарақшылық шабуыл жасап, қоқан лоқы көрсетіп, ақшасы мен қымбат телефонын қолды қылған. Жәбір көрген ол шұғыл арада аудандық полиция бөліміне хабарласып, оқиғаны баяндаған. Хабарлама түскен бойда қылмыс орнына жедел тергеу тобы аттанады. Ал жергілікті учаскелік полиция инспекторлары алдын ала жедел іздестіру шараларын бастаған.
Уақтылы жүргізілген тергеу амалдарының нәтижесінде сол ауылдың тұрғыны күдікті ретінде танылып, қолға түскен. Полицейлер қылмыс жасаған кезде күдіктінің қасында сыбайласы болғанын да анықтайды. Қос кақарақшы осыған дейін ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған азаматтар екені де белгілі болады.
Осы күні қолды болған заттар мен ұрланған ақша және басқа да айғақтар тәркіленіп, қылмыскерлер кінәларын толық мойындаған. Екі күдікті ҚР қылмыстық процессуалдық кодексінің 128 бабына сәйкес қамауға алынған. Тергеу амалдары барысында олардың осыған ұқсас құқықбұзушылықтарға қатысы бар-жоғы тексерілген. Өткізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде  күдіктінің біреуі Көшім ауылында 2018 жылы орын алған қарақшылық шабуыл және адам өлтіруге оқталу баптары бойынша орын алған қылмысқа қатысы бар болып шықты.
Айта кетейік, 2018 жылы Көшім ауылдық округіне қарасты Үлкен Шаған ауылында белгісіз біреулер дүкенге шабуыл жасап, сатушыны жарақаттап кеткен болатын. Сауда орнын тонау үшін сатушы әйелді жарақаттаған қылмыскер жымысқы ісін аяқтай алмаған еді. Содан бері іздеуде болған ол биыл адам тонаймын деп қолға түсіп отыр.
-Тиянақты жүргізілген тергеу амалдарының нәтижесінде үш жыл бұрын орын алған оқиға кезіндегі күдікті анықталды. Нәтижесінде оның сол қылмысқа қатысты екені дәлелденді. Оны жүргізілген тергеу амалдары мен куәгерлердің сөздері, сот медициналық сараптама нәтижелері де растап отыр. Осы ретте аталған азаматтың ісі ҚР қылмыстық кодексінің 192 бабы (қарақшылық) және 24-99 бабы бойынша сотқа жолданады,-дейді аудандық полиция бөлімінің бастығы Сұлтан Шалдарбеков.
Күдікті 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Арал БОЛПЫШҰЛЫ,
Бәйтерек ауданы