15.07.2021, 9:53
Қараулар: 55
Тазалық басты байлық

Тазалық басты байлық

Бәйтерек аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен «Тазалық — таза баланың досы» атты акциясы өтуде. 2021 жыл – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы аясында өткізіліп жатқан шара барысында кітапхана қызметкерлері аудан орталығындағы саябақтар мен демалыс орындарында тазалық жұмыстарын жүргізуде.

Кітапхана жүйесінің мамандары әр аптаның сәрсенбінде ойын алаңдарын тазалап, жас оқырмандарды кітап оқуға шақырады. Сондай-ақ өлкетану бағытында шыққан кітаптарды насихаттап, жас ұрпақтың интеллектуалды және рухани дамуына үлес қосуда.

-«Тазалық – таза баланың досы» атты акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті сақтай отырып, аудан тұрғындары мен бүлдіршіндерін таза ортамен қамтамасыз ету. Біздің науқан қоршаған ортаның тазалығына атсалысуға бағытталған. Бұл арқылы өскелең ұрпаққа үлгі көрсетеміз деген сенімдеміз. Акция күз мезгіліне дейін жалғасады. Сондай-ақ кітапхана қызметкерлері әр бейсенбі күні аудандық «Жұбан-Молда» мешітінде де тазалық жұмыстарын ұйымдастырып жүр,-дейді орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің балалар және жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі әдіскері Арай Маруанова.

Аружан АМАНЖОЛ,

Бәйтерек ауданы