30.12.2021, 12:01
Қараулар: 25
Тілек шыршасы

Тілек шыршасы

Ғажайыпқа сенер балғын бүлдіршіндер жаңа жылды асыға күтеді. Олар үшін бұл – тәттіге тойып, құшағы сыйлыққа толатын мереке. Кей сәтте бала тілегі ата-ана тарапынан орындалмай жататын кездері болады. Осы олқылықтың орнын толтырып, балаларға қуаныш сыйлау үшін Раздольный мектебі қабырғасында «Тілек шыршасы» акциясы ұйымдастырылды.

Акция аясында бүлдіршіндер өз қалауларын тілек шыршасында қалдырып, оны жомарт жандар барынша орындауға тырысты.

Ауыл балаларының тілегін «Достық» шаруа қожалығының басшысы В.Шевчук, Д.В.Кононов, О.А.Ульченкова секілді жеке кәсіпкерлер, кітапханашылар, мәдениет үйі мен мемлекеттік қызметкерлер орындады. Нәтижесінде төрт бүлдіршін ойын-сауық орталығына барса, сегіз балаға коньки, спиннинг, микрофон, құлаққап, конструктор, бокс қолғабы секілді бағалы сыйлықтар табыс етілді.

Бүлдіршіндер тілектерін орындаған жандарға жылы лебізін білдіріп, өздері өскен кезде дәл осындай азамат пен азаматша болатындарына сөз берді.

Назерке Сыйлыбаев

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz