14.01.2022, 12:24
Қараулар: 52
Тәтті бизнесі сәтті өрлеуде

Тәтті бизнесі сәтті өрлеуде

Жалқаулықпен жан бағар жан жетістікке жетпейді. Елімізде қазір екі қолға бір күрек тауып, сүйікті ісін кәсіп етіп жүрген жандар көп. Қолынан іс келетін адам мемлекет тарапанын көрсетілер көмекке де қол жеткізе алады. Еңбек етем деген кез-келген жанға түрлі бағдарламалар арқылы қайтарымсыз несие, не түрлі гранттар ұсынылады. Кәсіптің түбі нәсіп екенін ұққан ел бұған әлдеқашан кірісіп кетті. Алақан жайып, алакөз болғанды жаны сүймейтін Мира Хабиева тәтті пісіруді сәтті кәсіпке айналдыра білген жерлестеріміздің қатарында.

Мира Нұрғазықызы Өскемен қаласында дүниеге келген. Шығыстың қызы өмір ағысымен батысқа қоныс теуіп, бүгінде бизнес бастаған бәйтеректік бұқараның қатарын толықтырды.

Кішкентайынан ас үйдің жұмысына араласып, осы іске қызуғушылығы оянады. Хоббиі есейе келе өзіне нәсіп болар іске айналды. Бүгінде неше түрлі тәттілер әзірлейтін кейіпкеріміздің айтуынша, бұл нәтижеге ізденіс пен тәжірибе арқасында жеткенін айтады. Сол себепті де болар әлі күнге дейін білім алып, түрлі мастер класстарға қатысуын тоқтатпаған.

-2015 жылдан тәттілер пісіре бастадым. Бастаған бойда бірден тапсырыс қабылдап кеттім. Өзімді дамытып, білгеннің үстіне біле түсу үшін көптеген мастер класстарға қатыстым, әлі де қатысып тұрамын. Өйткені білім жетілдіру ешқашан артық болмайды. Ал алған білімің өзіңе кіріс келтіретінін ескерсек, мұндай шеберлк сағаттарының берекесі бар деген сөз,-дейді Мира Хабиева

Расымен де қазір той, туған күн сияқты түрлі басқосулар тәттісіз өтпейді.Аталмыш кәсіп соңғы жылдары қанатын кеңінен жаюда. Кондитерлерді де ат шаптырып, алыстан іздеп кететіндер де бар.

Тек осы саны жағынан басым кондитерлердің, сапасы жағынан сан түрлі болатыны хақ.

Алғашында кейіпкеріміз жайлы сөз қозғамас бұрын, әлеуметтік желідегі парақшаларын бақылап, пікірлерге көз салдық. Өз ісінің шебері деген атқа әбден лайық жан екеніне көзіміз жетті. Оны тапсырыс берген әр жанның пікірінен анық байқайсыз.

Өз жұмысын ыждағаттылық пен бар махаббаты сала орындайтын Мира Нұрғазықызы 2021 жылы «Бастау бизнес» бағдарламасы арқылы мемлекеттік қайтарымыз грантты ұтып алады. Аталмыш грантқа, өзінің жұмысына қажет құрал- жабдықтарын алып, бес қаруын сайлаған соң кәсібін одан әрі дөңгелетіп әкетіпті.

Бастапқы да тұрғылықты жеріндегі тұрғындарға тәтті пісірсе, қазір облыс орталығынан да тапсырыс берушілер қатары көбейген.

-Үлкен тойларға арналған бірнеше қабатты торттардан бастап, туған күн, мерекелік жиындарға арналған дастарханның сәнін келтіретін сан түрлі пирогтар мен рулеттерді, микс торттар, пахлава, вафли, түрлі тәтті қытырлақтарды пісіремін.

Тапсырыс беруші ыңғайынан қарай кез-келген тәттіні, қалаған дизайнда әзірлеп беруге барымды саламын,- дейді кейіпкеріміз.

Мира Хабиева бір бағытпен тоқтап қалғысы келмейтінін айтады Сол үшінде, торттармен қатар өзге де тағамдарға тапсырыс қабылдап, әр клиентінің көңілінен шығатындай етіп әзірлеп береді.

Алдағы уақытта, кәсібін ұлғайтуды көздейтін кондитер Орал қаласымен қатар еліміздің әр аймағынан арнайы орталық ашу сияқты жоспары бар екенін жасырмайды.

— Әзірге облыс орталғында сату орнын ашып, қол астыма адам алып кәсібімді дөңгелетпек ниеттемін. Мүмкін, тым армандап кетті дейтін шығарсыз. Бірақ алдағы уақытта қала мен қатар өнімдерімді республика жұртына ұсынсам деген жоспарым бар. Болашақта өзімді ел көлемінде танымал, кондитерлік брендтің иесі ретінде елестетемін,-дейді кәсіп иесі.

Кей сәтте теледидар пультінен артық нәрсе көтергісі келмейтін ер адамдарға қарап отырып жаның ашығанда Мирадай тырмысып, еңбек етіп жүрген нәзік жандының ісі көпке үлгі екенін ұғасың. Сол себепті іс бастап, берекесін көрсем, деген жан дегеніне жете берсін.

Назерке Сыйлыбаева,

Бәйтерек ауданы

auyltynysy.kz