31.03.2021, 15:11
Қараулар: 35
Шын жүректен

Шын жүректен

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өту аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы бастау берген болатын. Көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созу мақсатында қолға алынған жоба Бәйтерек ауданында жақсы қолға алынды. «Атаңа не істесең, алдыңа сол келер» деп дана халқымыз айтқандай жобаны жүзеге асыру үшін Январцев мектебінің ұстаздары мен оқушылары ауылда тұратын қариялар мен кейуаналарға қамқорлық көрсетуде.

Мектептің көркем еңбек пәні мұғалімі С. Сартаев 6-сынып оқушыларымен бірге жалғыз басты зейнеткер, тыл ардагері У. Пупыкинаны мерейлі 95 жасымен құттықтап, ауласындағы қарын тазалап берсе, музыка пәнінің мұғалімі Д. Махсотов пен 10 сынып оқушыларымен тыл ардагері И. Демидовқа қамқорлық жасады. Сонымен қатар дене шынықтыру пәнінің мұғалімі М. Айтуаров тыл ардагерлері Семушкиндер отбасына, алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Т. Марбанов пен 10 сынып оқушылары ардагер ұстаз Т. Кисилеваға қол ұштарын созып, көмектесті.

Ауыл ұстаздары мен оқушыларының қамқорлығына разы болған қарттар ақ баталарын берді. Бұл жоба тек белгілі бір мерзімде ғана емес, жыл бойы жалғасын таппақ. Игі іс жасаған оқушылар мұнымен тоқтап қалмай, әлі де көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын беруді жоспарлап отыр.

Айшабибі Мұстафақызы

Январцев мектебінің әлеуметтік педагогы