31.05.2021, 17:03
Қараулар: 14
Қайырымды істер легі толастар емес

Қайырымды істер легі толастар емес

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі жариялаған «Қайырымды істер марафоны» Бәйтерек ауданында ерекше қарқын алды. Жыл басынан бері жастар ұйымдары мен еріктілер және кәсіп иелері бірталай қайырымдылық жасап, мұқтаж отбасылар мен азаматтардың алғысына бөленді. Қайырымды іске кәсіпкерлер мен мектеп түлектері де өз үлестерін қосуда.

Жуырда Асан мектебінде оқу жылы қорытындысында «Үздік ұстаз» атанған Ақмарал Сарсенгалиева мен «Үздік оқушы» деп танылған Дильназ Жуанбаеваға «МарЭль» шаруа қожалығының басшысы Марат Асанов қомақты сомма тарту етті.

Дәл осындай демеушілердің және қамқоршылық кеңестің көмегімен Макаров орта мектебінің «Жыл оқушысы-2021» аталымын жеңіп алған Ерген Максимге демеуші Федор Сковородько ақшалай қолдау көрсетті. Ізгілікті іс Новенький ауылындағы Қасым Қайсенов атындағы мектебінде де жалғасты. Оқу ордасын алға сүйреп, білімі мен білігін көрсете білген Алишер Тулеев пен Джахар Мендалиев әрдайым білім ордасына демеушілік көрсетіп жүретін Мейрам Құрманғалиұлының атынан берілген көмекке ие болды. Сондай-ақ, Шалғай ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектептің 1996 жылғы түлектері мектепке музыкалық аппаратура, 1991 жылғы Янайкин ауылдық округіндегі Талғат Бигелдинов атындағы мектеп түлегі Бауыржан Сәдібек білім ордасына терезе жабындыларын сыйлады.

Қайырымды істер әлі де жалғасады деген үміттеміз.

Аружан АМАНЖОЛ,

Бәйтерек ауданы