2.04.2021, 10:51
Қараулар: 29
Қырағы кәсіпкер, мейірімді меценат

Қырағы кәсіпкер, мейірімді меценат

Сонау тоқсаныншы жылдары өз ісін бастап, көлденең келген түрлі қиындықтарды бастан өткерген ел фермерлері осы күні тек өзіне және отбасына ғана емес, еңбек етіп отырған ауылына көмегін тигізетіндей дәрежеге жетті. Қолынан келген көмегін ауылдасына беріп, барымен бөлісіп отыратын кәсіпкерлердің бірі — январцевтық Абай Жанғалиев.

Кейіпкеріміздің әкесі Қуанышкерей соғыс ардагері. Анасы Узипа өмір бойы бала тәрбиесіне қараған жан. Отбасында Абай ағамыздан бөлек тағы бір қыз бар.

Бүгінде Январцев ауылында тұрғанымен, ата-бабасы Тайпақ топырағын мекен етіпті. Өзінің сөзінше, ХХ ғасырдың отызыншы жылдардағы зобалаңда ағамыздың аталары Жайық жағалап көшіпті.

-Аталарымыз Тайпақ жерін мекендегенін үлкендер айтты. Бір ауыл ел кәмпескеден қашып, осы жаққа келіпті. Кей ауылдастарымыз Ресей жағына өтіп кеткенін де әкем айтып отыратын. Біз де сол көшпен келіп, осы жерде тұрақтап қалған қазақтардың ұрпағымыз ғой,-дейді Абай Жанғалиев.

Округке қарасты Чинарев ауылында туып өскен кейіпкеріміз ауыл мектебін аяқтаған 1974 жылы Орал қаласындағы педагогикалық институттың география факультетіне оқуға түседі. Ол жерде Абай Қуанышкерейұлы Қазақстан Республикасының мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының 5-інші Премьер-Министрі Иманғали Тасмағамбетовпен бірге оқиды. Бірақ мұғалімдік жолды таңдағысы келмеген ол бір семестрден соң оқуын тастап, әскерге аттанады. 1975-1977 жылдары Қыр Шығыста әскери борышын өтеп келген соң Батыс Қазақстан облысы ауыл шаруашылық институтының «Ауыл шаруашылығын механизациялау» факультетіне оқуға түседі.

— Әкем Қуанышкерей мен анам Узипа бала жасымнан еңбекке баулып өсірді. Өзім мектеп жасынан шөп шабу, егін ору науқандарына белсенді араласып жүрдім. Ауылда өскен соң ауыл шаруашылығында еңбек еткім келді. Сол себепті әскерден оралған соң басқа оқу орнын таңдап, ұстаздықтан бас тарттым,-дейді Абай ағамыз.

Ауыл шаруашылығы институтын аяқтап, сол кездегі Приурал аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының мемлекеттік ауыл шаруашылық техникасын қадағалау инженер-инспекторы болып еңбек жолын бастайды. Ол жерде 1984 жылға дейін еңбек етеді. Кейін Панфилов атындағы ұжымшарда, одан соң «Вперед к коммунизму» ұжымшарында механик, автомобиль паркінің гараж меңгерушісі, колхоздың бас инженері қызметтерін атқарады.

Бала арманына қол жеткізіп, ауыл шаруашылығы саласында жемісті еңбек етіп жүрген шақта КСРО ыдырап, елімізде қиын жағдай орнайды. Соған қарамастан сүйікті ісіне шын берілген азамат бұрынғы кеңшарлардағы бригадаларды біріктіріп, жұмысын жалғастырады. 1997 жылы Алматы қаласына аттанып, басшы қызметкерлердің біліктілігін арттыру курстарынан өтеді.

-Ауыл — экономиканың қозғаушы күші болып қала береді ғой. Қазақтың жылдар бойы сақталған дәстүрі де ауылда қалды. Оның үстіне өзіңнің балалық және жастық шағың өткен жерді қимайды екенсің. Сол себепті де ауылдан кетпей отырмыз. Сонау тоқсаныншы жылдардағы қиын кездерде де ауылды тастап кете алмадық,-дейді Абай ағамыз.

Содан 1999 жылы кәсіпке бет бұрып, «Заман» ЖШС құрады. Абай Қуанышкерейұлы шаруа жүргізу алғашында қиынға соққанын жасырмайды. Ескі МТЗ-50, ДТ-75, Т4А тракторларымен бастаған қожалық жұмысы осы күні өрге басып, егіс алқабы 10 мың гектардан асқан.

Сонау тоқсаныншы жылдың соңында «Заман» ЖШС серіктестігін құрып, іс бастаған кезде оның осындай нәтиже беретіндігіне толық сенім болмағанын да кейіпкеріміз жасырмайды. Десе де бала күннен егін алқабында жүргендіктен, түбі бір жетістікке жетемін деген үміт алға жетелепті. Сонымен қатар егін салудың барлық технологиялары мен озық тәжірибелерді пайдалануды да ұмытпау керектігін айтады Абай Жанғалиев.

-Нағыз диқан егін ектім, уақыты келген кезде мол өнім орып алам деп ойламауы керек. Біздің шаруашылық ауыспалы егістікті жақсы пайдаланады. Өңір табиғаты да кей кездері өзінің мінезін көрсетіп, бүкіл еңбекті еш қылуы мүмкін. Сондықтан жерде еңбек етем деген жан өз тәжірибесіне ғана емес, ғылымға да иек артқаны дұрыс. Жыл сайын жаңа технологиялар шығып жатыр, олардан да шет қалуға болмайды. Жемді өңдеу, сақтаудың жаңа тәсілдерін де үйренуіміз қажет. Онсыз іс оң бола қоймайды,-дейді А.Жанғалиев.

Тынымсыз еңбектің арқасында осы күні шаруашылықтың егіс алқабы ғана емес, машина-трактор паркі де жаңартылған. Серіктестік жұмысшылары заманауи «Джон-Дир-9410» астық жинау кешені мен «Вектор-410» комбайндарын, К-744р4, Т150КД, ХТА-200 тракторларын тізгіндеген. Бұрынғыдай майға былғанған жұмысшы жоқтың қасы. Ауылдың тең жартысы «Заман» ЖШС-де жұмыс жасайды. Әр егін ору науқаны аяқталған

соң жұмысшыларға түрлі сыйақылар беріледі. Бір сөзбен айтқанда — барлық жағдай жасалған.

-Қарамағымдағы жұмысшылардың біразы ауылдың жігіттері. Кейбіреулерінің ата-анасымен жұмыстас болғанмын. Көп жас ескі тракторге отырып, егіске шыққанды құп көре бермейді. Сондықтан да машина-трактор паркін жаңартып отыруымыз керек. Бұл — заман талабы ғана емес, жұмысшының сұранысы. Қазіргі таңда біздің егінде америкалық, еуропалық, тіпті ресейлік техника жұмыс жасауда,-дейді кейіпкеріміз.

Егіннен бөлек мал өсіруді де ұмытпайтын ағамыз шағын қожалық құрып, мал басын өсіріп отыр. Оны Абай Қуанышкерейұлы ата кәсіпті де дамытсам деген оймен ашқандығын айтады. Сонымен қатар бала күнінде әкесінің қасында көп жүрген ағамыз жылқы малына да үйір болған. Ірі қарадан бөлек азын-шоғын жылқы бағып отырған ағамыз Қамбар ата төлін бағып, күткенді ерекше ұнататынын айтады.

Қайнаған еңбектің ортасында өскен Абай ағамыз соңынан ерген қос ұлы Қайрат пен Миржанды да жастайынан еңбекке баулыған. Әкенің осы күнге қалай жеткенін көздерімен көрген ұлдары да көппен бірге алақапта еңбек етеді. Заманға сай білім де алған. Жолдасы Салиха болса, есепші қызметін атқарады.

-Басқа жұмыс тоқтауы мүмкін. Бірақ егін егуді адамзат тоқтатпайды. Сондықтан балаларыма нағыз еңбектің қандай болатынын көрсету үшін шаруашылыққа жұмысқа алдым. Олар да кішкене кезінен диқаншылықтың қыр-сырын көрген соң, осы күні біраз жұмысты оңай атқарады. Кей сәттерде өз ұсыныстарын айтып, жұмысты жақсарту жолын да көрсете алады,-деді ол.

Қашан да өз кәсібі мен жұмысшыларының жағдайына алаңдап жүретін Абай ағамыз жыл сайын серіктестіктің техникасын ғана емес, жұмысшылардың жағдайын жақсартуды да мықтап қолға алған. Қазіргі таңда егіс алқаптарында диқандарға арналған үйлер мен тамақтанатын орындар да салынуда. Соңғы екі жылдың өзінде кейіпкеріміз досы Владимир Лобастовпен бірлесіп, оннан астам нысан тұрғызған.

Кейіпкеріміздің тағы бір қыры — қолында барын елге беріп, мұқтаж жанға қашан да қолын созған мәрттігі. Осы кезге дейін ауыл мектебіне, спортшыларға деген көмегін аяп көрмепті. Тіпті округке қарасты елді мекендерге барар жолды қар басып қалған кезде де өз техникасын шығарып, ауыл іші мен кіре беріс жолдарды тазартуға атсалысады.

Округ әкімі Абылай Жұмағалиевтің айтуынша, Абай Қуанышкерейұлы ауылға деген көмегін ешқашан аямайды екен. Әсіресе қыс кезінде оның көмегі көп тиетінін айтады әкім. Қатты боран болып, ауылға жол аршитын компания көліктері келе алмайтын кездерде Абай Жанғалиев өзінің тракторлері мен ауыр техникасын шығарып, Чинарев, Кирсанов, Петров ауылдарына барар жолды тазартады. Сонымен қатар «Мектепке жол» акциясына белсенді қатысып, ауыл балаларын қажетті оқу құралдарымен қамтып, ауылдағы тыл ардагерлеріне де қолдауын аямайтын көрінеді.

-Абай Қуанышкерейұлы биылдың өзінде көп көмек тигізді. Қар суы еріп, Кирсан ауылына кіру мүмкін болмай қалғанда ауылға кіретін айналма жол салып берді. Сондай-ақ ауылға кірер жолдың жобалық сметалық құжаттамасын дайындап берді. Барлығы ойдағыдай болса, көптен бері тұрғындарды мазалаған мәселе шешімін табады деген үміттеміз,-дейді ауыл әкімі Абылай Жұмағалиев.

Округ әкімі бұдан бөлек, кейіпкеріміздің елге тигізген көмегі көп екенін де атап өтті. Әсіресе, ауылдың жас шаңғышыларына көп көмек тигізген. Олардың жарыстарға шығып, қажетті құрал-саймандарын алуына өз септігін тигізген. Бүгінде аудан ғана емес, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлде алып жүрген январцевтың өрендердің жақсы нәтижелерге жетуіне Абай Жанғалиевтің көрсеткен көмегі өз септігін тигізді десе де артық етпейтінін Абылай Жұмағалиев атап өтті.

–Ертеректе үлкендеріміз алдына жағдай айтып келген адамның меселін қайтармауға тырысатын. Жағдайы қиын болып тұрса да оны қолтығынан демеп, еңсесін тіктетуге атсалысатын. Өзім де мұқтаж ауылдастарыма көмегімді аямауға тырысамын,-дейді А.Қуанышкерейұлы.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы