1.09.2021, 10:12
Қараулар: 33
Әлемді мейірім құтқарады

Әлемді мейірім құтқарады

Бәйтерек аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ерекше қамқорлықты қажет ететін оқырмандарына арналған «Әлемді мейірім құтқарады» атты ашық аспан астындағы кездесу кешін оздырды.

Ауданның ерекше балалары мен жасөспірімдеріне көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, рухани демеу көрсету, кітапханамен дос болуға шақыру, олардың бос уақыттарын тиімді өткізуге, жақсы қасиеттерге тәрбиелеуге ат салысу, бойындағы шығармашылық қабілеттерін ұштауға көмектесу мақсатында ұйымдастырылған шара көпшіліктің қызығушылығын тудырды.

Кеш барысында балалар бір-бірімен танысып, түрлі ойындарға қатысты. Викториналық сұрақтарға жауап беріп, мульфильм кейіпкерлерімен қауышты. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге қазақтың ақын-жазушылары туралы мағлұматтар берілді.

Кітапханашылардың қызықты кешінен ерекше әсер алған оқырман бір-бірініне деген жылы лебіздерін білдіріп те жатты.

-Елдегі пандемия кесірінен кітапхана оқырманымен тек онлайн қауышуға мәжбүр болды. Бүгінгі таңда орталық балалар кітапханасы шағын жөндеуден өтіп жатыр. Алдағы уақытта жаңа кейіпке енген кітапхана оқырмандарына есігін ашпақ. Барлық қатысушыларды кітап оқып, шараларға қатысып, ой өрістеріңді дамытуға шақырамыз. Жаңа оқу жылы және Конституция күні мерекесі құтты болсын,-деді өз сөзінде орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Жеңісгүл Жанабаева.

Шара соңында кітапханашы Аягүл Қазбекқызы «Бір ел-бір кітап» акциясы аясында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына арналған 30 кітаптың ішіндегі балалар әдебиетіне тоқталып, толыққанды таныстырылымын өткізді. Шараға қатысқан бүлдіршіндерге тәттілер таратылып, естелік сыйлықтар табысталды.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы