20.08.2021, 9:45
Қараулар: 37
Өртесең – айыппұл, лақтырсаң – ескерту…

Өртесең – айыппұл, лақтырсаң – ескерту…

Бәйтерек ауданының орталығы Переметный ауылы көшелерінің тазалығын жақсарту үшін тұрғындар тұрмыстық қалдық тастайтын орындармен қамтамасыз ету және де сол қоқысты уақтылы шығару жайын көп айтып жүр. Қазір ауданда абаттандыру жұмыстары қарқынды жүзеге асып отырғанымен, ауыл ішіндегі экологиялық ахуал өзгерісті қажет етеді. Жергілікті билік бұл сұрақты шешу жолында қолдан келген шараларды ұйымдастырғанымен, машақаты бітер емес.

Бүгінде переметныйлықтар қоқыс контейнерлерінің уақтылы тазартылмайтынына наразылығын білдіріп, шығарылмаған тұрмыстық қалдықтарды өздері өртеуге мәжбүр екендігін айтып жатыр.

-Қоқыс контейнерлері қашан көрсең де «аузы-мұрнынан шыға» толып тұрады. Тұрғындар қалдықтарды жәшіктің сыртына да тастап кетеді. Ал жердегі қоқысты қаңғыбас иттер жұлмалап, ішіндегісін тасып, көше қоқысқа толып жатады. Қоқыс жәшіктері бір-бірінен алшақ орналасқан. Кей тұрғындар қалдықты кез келген жерге тастап жатырғанына да куә болып жүрміз. Осының салдарынан қоқысты өзіміз жинап, өртеуге мәжбүр болдық, – дейді Калинин ауылының тұрғыны Зарина Марат.

Жергілікті әкімшіліктің айтуынша, ауылдағы тұрғын үйлерден жиналған тұрмыстық қалдықтарды шығару «Орал Таза Сервис» ЖШС-ның жауапкершілігінде екен. Серіктестік аптасына үш рет келіп, қоқыс контейнеріндегі тұрмыстық қалдықтарды тасымалдауы керек. Өкінішке орай, ол үрдіс аптасына бір-ақ рет орындалып отыр.

-Ауыл ішінде қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қазір орталықтағы көшелердің жартысынан көбі контейнерлермен қамтамасыз етілді. Біздің есеп бойынша әр көшедегі контейнерлердің арақашықтығы ескерілген, сол себептен қоқыс орынсыз жерге тасталмауы керек. Ал «Орал Таза Сервис» ЖШС қазіргі шектеу жағдайына байланысты жәшіктерді аптасына бір рет тазалайды. Сол себепті оған шара қолдана алмай отырмыз. Әкімдік те қарап отырған жоқ. Аптасына бір рет арнайы техника жалдап, ауыл ішіндегі қатты қалдықтарды шығарып, көше тазалығын қадағалап отырмыз. Тұрғындардан тұрмыстық қалдықтарын арнайы орындарға тастауын, сондай-ақ үлкен габаритті үй жиһаздары, ағаш кесінділері сынды керек емес құрылыс заттарын арнайы қоқыс полигонына жеткізулерін сұраймыз. Бұдан бөлек, қалдықтарды өртеуге болмайтынын, ол үшін айыппұл төленетіні жайында еске салғымыз келеді, – дейді округ әкімінің орынбасары Мирасбек Төрешев.

Жоғарыда атап өткендей, қоқыстың уақтылы шығарылмауы тұрғындарды қалдықтарды өртеуге мәжбүрлеп отыр. Өйткені ол – тазалық сақтаудың осы күнгі жалғыз жолы. Бірақ оған аудандық төтенше жағдайлар бөлімі мүлдем қарсы.

Олардың сөзінше, қалдықтарды жинап қою немесе жағу кезінде өрт қауіпсіздігі жөніндегі талаптар сақталмайды екен. 2021 жылғы 1 шілдесінен

бастап қолданысқа енгізілген ҚР заңының 336-бабына сәйкес, бұл әрекет айыппұлға әкеліп соғатын көрінеді.

-Осыған дейін тіркелген қоқыстар мен ыдыстарды жағу фактілері орын алған жағдайда төтенше жағдай қызметкерлері тарапынан ескертулер берілсе, ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап бұл әрекет үшін азаматтар айыппұл арқалайды. Айыппұл мөлшері бүгінгі таңда жеке тұлғалар үшін – 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – 200, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 300, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерін құрап отыр. Аудан аймағында қазіргі таңда айыппұл салынған азаматтар да бар. Қалдықтар мен ыдыстарды өртеу арнайы бөлінген орындарда қызмет көрсетуші персоналдың бақылауымен жүргізілуі тиіс, – дейді аудандық ТЖБ аға инженері Талғат Бекмуханов.

Бұдан бөлек, қоқысты орынсыз жерге тастағандарға әкімшілік хаттама толтырылатыны тағы бар. Ендігі кезекте ауыл-аймақтың сырт келбетін жағымсыз етіп көрсететін қоқыстан арылудың жолы қандай екені белгісіз. Дегенмен орынсыз тасталған, уақытылы шығарылмаған қоқыс және де қалдықтарды өртеу тек табиғатқа емес, адамзатқа да әсерін тигізетінін ұмытпаған абзал.

Аружан Аманжол,

Бәйтерек ауданы