6.05.2021, 10:35
Қараулар: 30
Өңір басшысы Бәйтеректе болды

Өңір басшысы Бәйтеректе болды

Облыс әкімі Ғали Есқалиев жұмыс сапарымен Бәйтерек ауданында болды. Махамбет ауылында болған өңір басшысы «Шонайбеков» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Жиырма жылдан астам уақыт егін салып, қазақтың ақбас сиырын бағып отырған іргелі шаруашылықтың жағдайы жақсы.

-Бүгінде шаруашылық жұмысы жақсы. Биыл су да мол жиналды. Шабындық та бар. Егін де егілді. Тек бір ғана мәселе бар, ол — жұмыс қолының аздығы,-дейді қожалық басшысы С.Шонайбеков.

Шаруа қожалығына қажетті құдықты да соққан. Ел президентінің өткен жылдың бірінші қыркүйегінде жариялаған жолдауында айтылған жұмыс беруші есебінен қызметкерді баспанамен қамту бағдарламасына қатысуды да көздеп отырған шаруашылық жұмысшыға қажетті үй салып қойыпты.

Кездесу соңында Ғали Нәжімеденұлы шаруашылық басшысына мал азығы мен құрама жем дайындау ісіне көп көңіл бөлу керектігін айтты.

Кейін облыс басшысы Шалғай ауылдық округіндегі Чамчиян су қоймасы бөгетінің жағдайымен танысты. Тоқсаныншы жылдары қараусыз қалып, әбден кеуіп кеткен су қоймасын ретке келтіріп, бұзылған шлюздарын жөндеуге қомақты ақша бөлген инвестор өткен жылы табылған еді. Уақтылы жасалған жұмыстың арқасында биыл тоғандар суға толыпты. Жалпы 20 миллион куб су ұстауға қауқарлы қоймаға осы күні 7-8 миллион куб су жиналыпты.

Су қоймасын жөндеп жатқан «Асфа» ЖШС-нің мамандары жиналған суды биыл сақтап қалуды көздеп отыр. Инвестор су қоймасындағы тіршілік нәрін сақтап қалуды ғана емес, балық шаруашылығын дамытуды да қолға алмақ ниетте екен. Ол үшін мөңке, тұқы, қалық тұқы сияқты балық шабақтарын жіберуді де қолға алмақ.

Аудан аумағында 30-дан астам тоған бар екенін айтқан аудан әкімі Марат Тоқжанов су ұстап қалу жұмыстары биыл ойдағыдай жүргенін де атап өтті. Соның арқасында округтердегі тоғандардың біразы суға толыпты. Тек Егіндібұлақ және Зеленый ауылындағы жағдай мәз емес екен.

-Тозығы жеткен тоғандардың қалпына келтірілгені жақсы. Десе де, суды орнымен пайдалану керек. Бар суды айналадағы алқаптарды суғаруға пайдаланған дұрыс. Сонымен қатар тоған аумағын да кеңейтуді ойластырған дұрыс,-деді Ғ.Есқалиев.

Одан соң облыс басшысы Переметный-Вечный авто жолының күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Жалпы ұзындығы 24 шақырымды құрайтын жолдың өткен жылы 13 шақырымы аяқталған. Биыл қалғаны жөнделетін болады.

-Өткен жылы ауданда 80 шақырымнан астам жол салынды. Былтырғы қолға алынған сегіз жобаның бесеуі аяқталған болса, үшеуі биылға қалды. Олар: Мичурин және Асан ауылдарындағы ауылішілік жолдар мен Переметный-Вечный тас жолының 11 шақырымы. Алғашқы екеуі жақын арада аяқталса, тас жол құрылысы тамыз айында тапсырылады,-деді аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов.

Мұрат Дүйсенұлының айтуынша, биыл Январцев ауылына кіретін — сегіз, Погодаев ауылына кіретін — 4,8, Железнов ауылына кіретін — үш, Трекинге кіретін — екі, Чувашка ауылына кіретін — 8, Чировқа барар — 13, Макаров ауылына апаратын 12 шақырым және Переметный мен Белес ауылын қосатын жолды жөндеуге ақша бөлінуде екен. Одан бөлек Егіндібұлақ, Жайық, Махамбет, Мичурин, Октябрь, Мичурин ауылына қарасты Жером ауданы, Раздольное және Калининскийдағы ауылішілік жолдарына қаражат бөлінсе, жұмыс басталмақшы.

Бұдан бөлек өңір басшысы Мичурин ауылындағы полиция бөлімшесіндегі орнатылған бейне бақылау камераларын қарап, «Пчеловоды ЗКО» АШӨК-нің және Макаров ауылындағы «Август» ШҚ-ның жұысымен танысты.

Толығырақ «Орал өңірі» газетінің алдағы санында

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы