26.03.2021, 12:36
Қараулар: 38
30 жылын туған ауылына арнаған

30 жылын туған ауылына арнаған

Дариян ауылдық округіне қарасты Озерный ауылының тұрғындары Ольга Алексеевна Мазанованы жақсы біледі. Отыз жылдан астам уақыт ауыл мектебінде қызмет етіп жүрген ұстаз оқушылардың ғана емес, барша ауылдастарының құрметіне ие.

smart

Ольга Алексеевна 1971 жылы Озерный ауылында дүниеге келген. 1987 жылға дейін туған ауылында, жоғары сыныпты Дариян ауылында оқиды.

1989 жылы Орал педагогикалық училищесіне оқуға түседі. Оны 1991 жылы ойдағыдай аяқтап, жолдамамен туған ауылына оралады. Алдымен пионер басшысы болған Ольга Алексеевна біраз тәжірибе жинаған соң, 1995 жылы бастауыш сынып мұғалімі болып қызметке тұрады.

Айтуынша, өзі оқыған екі мектепте сапалы білім беріп қана қоймай, өмірді сүюге, халқымыздың асыл құндылықтарын бойымызға сіңіруге көмектесіпті. Көп ұлтты ауылда өскен кейіпкеріміздің өзге ұлттарға деген құрметті бойына сіңірген Гүлзия Тұралиева, Михаил Старинец және алғашқы ұстазы марқұм Нина Трекиналарға алғыстан басқа айтары жоқ екен.

-Ұстаздарымның берген тәлім-тәрбиесі біздердің азаматтық ұстанымымызды қалыптастыруға бағытталған еді. Мұғалімдерімнің қызықты сабақтары, жеке өнегелері мені алға жетелеп, мамандығымды адаспай табуыма көмек болды,-дейді О.Мазанова.

Бала күнгі арманына қол жеткізген кейіпкеріміз 30 жылдан бері өзі туып өскен ауылда, білім алған мектебінде еңбек етіп келеді. Бүлдіршіндердің бойындағы білім ұшқынын оятып, біліктерін еселей түсу, олардың өзін-өзі ұстау мәдениеті және адами қасиеттерін дамытуды алдына мақсат етіп қоятын білікті ұстаз ауылдың 6 буын жастарын жоғары сыныпқа шығарып салған. Бүгінде Ольга Алексеевнадан тәлім алған шәкірттері Нұр-Сұлтан, Алматы, Орал қалаларында тұрады. Шәкірттері түрлі салада жемісті еңбек етіп жүр екен. Тіпті ұстазының жолын қуып, мұғалімдікті таңдаған Алина Голованова, Надира Сайдумарова, Есқұл Рахимов сынды оқушылары облыс орталығындағы мектептерде мұғалімдік қызметтерін атқарып жүргенін кейіпкеріміз үлкен мақтанышпен айтады.

-Сонау тәуелсіздіктің бастауындағы тоқырау кезіндегі түрлі қиыншылықтар біздің ұжымды да айналып өтпеді. Өз үйімізден мектепке ағаш арқалап кеп, от жаққан кездеріміз болды. Сондай-ақ электр энергиясының айырылған кездеріне де қарамай, оқушылардың сабақтарын тоқтатпауға тырыстық. Сол қиын кездердің артта қалғаны қуантады. Биыл тәуелсіздігімізге 30 жыл. Осы жылдар ішінде елімізде бірлік орнады. Біздің ауылымыздағы түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы достық пен сенім де —

елдегі татулықтың көрінісі. Қазақ халқына деген құрметім ерекше. Олардың ақ пейілі мен қонақжайлығы да өзгені жақындастыра түседі. Тәуелсіздік – тәу етер жалғыз кие. Тәуелсіздік еңсесі биік болсын. Ол – әркімге қона бермейтін бақ. Осы бір құндылығымызды сақтай білейік,-дейді ұстаз.

Ольга Алексеевнаның сүйікті мектебіне, кәсібіне деген зор құрметтің арқасында беделі де биік. Жұбайы Валерий екеуі бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Аяулы ана, қадірлі жар, сүйікті әже.

Адалдықты ең басты құндылық деп түсінетін кейіпкеріміз адамның бойына жағымды қасиеттердің орнығуы отбасындағы тәрбиенің дұрыс қалануынан екенін айтудан жалықпайды. Ольга секілді өз туған ауылына жаны ашитын елге сыйлы, шәкірттерінің де сүйікті ұстазы бола білген жандардың арамызда жүргені қандай жақсы.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы