8.04.2021, 12:49
Қараулар: 33
Adal komek эфирінде білім бөлімі

Adal komek эфирінде білім бөлімі

Дәстүрге айналған «Adal komek» жобасының кезекті тікелей эфиріне аудандық білім беру бөлімінің басшысы Серік Сафиуллин шықты. Ол мектептер оқу жылының IV оқу тоқсанын қалай өткізетіні жайында айтты.

Білім бөлімі басшысының сөзінше, 2020-2021 оқу жылының төртінші тоқсанын 46 мектеп 8951 оқушымен бастаған. Бүгінде контингенті 300 оқушыға дейінгі мектептер саны – 35. Ондағы оқушылар 3679-ды құрап отыр. Осы білім ордалары сыныптарда балалар санын 15 оқушыдан асырмай, дәстүрлі форматта оқып жатқан болса, білім беру ұйымы әкімшілігінің шешімімен 15 баладан көп оқушысы бар сыныптар екіге бөлінеді екен. Бұл шаралар Батыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №9 қаулысына, «Батыс Қазақстан облысының аумағындағы карантиндік шектеу шараларды күшейту туралы» Батыс Қазақстан облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 18 наурыздағы №8 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» қаулысына сәйкес қабылданған.

-Ауданда контингенті 300 оқушыдан жоғары 11 мектеп бар. Онда 5272 бала білім алуда. Ол мектептердегі мектепалды топтары мен 1-ден 5-сыныпқа дейінгі балалар саны 15 оқушыдан аспайтын аралас форматта оқуда. Ал 9, 11-сыныптардағы оқушылар сабақтың 70%-ын штаттық, 30%-ын қашықтық режимде оқуда. Ал қалған сыныптағы шәкірттер қашықтан оқытылуда. Сонымен қатар бір сынып барлық сабақты бір кабинетте өткізеді,-деді Серік Нәженұлы.

Бұдан бөлек, аудан мектептерін кешенді виртуалды оқытумен қамтамасыз ету және түлектердің ҰБТ-ге дайындығын пысықтау үшін «iTest» бағдарламасына, бастауыш мектептерді «iMektep» мультимедиялық курсына, «Bilimland» білім платформасына және «OnLine Mektep» ақпараттық сандық білім платформасына қосу ісі де жүзеге асырылған. Соның ішінде аралас форматта жұмыс жасап отырған 11 мектепті «OnLine Mektep» платформасына қосу ісі де оң шешіліпті.

Эфир соңында Серік Сафиуллин ҰБТ-ге енгізілген ерекшеліктер мен оқушыларға берілетін мүмкіндіктер жайында да айтып берді.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы