3.06.2021, 15:02
Қараулар: 20
Атқарылған жұмыс көп

Атқарылған жұмыс көп

Ауданға ҚР Президенті аппаратының мемлекеттік инспекторы Айдын Ашуев келді.

Аудандағы «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша іске асырылған жұмыстарды тексеруге келген Айдын Жұмабекұлы алдымен Мичурин ауылдық округінде жөнделген ауылішілік жолдарды қарады. Магистральная, Ленин, Школьная, Зеленая, Комсомольская және Асан ауылындағы Набережная, Центральная, Молодежная, Исатай батыр көшелерінде болған мемлекеттік инспектор ауыл ішіне салынған жаяу жүргіншілер жолы мен арықтарды да көрді. Жалпы Мичурин ауылдық округіне қарасты Асан ауылында ұзындығы жеті шақырымнан асатын 11 көшеге асфальт төселсе, округ орталығы Мичурин ауылында ұзындығы бес шақырымнан асатын алты көше жөнделді. Ауыл ішіне жол төсеп жатқан мердігер компанияның өкілі Шахрух Шухратовтың сөзінше, өткен жылы басталған жол салу жұмыстары күзге дейін аяқталады екен.

-Барлық жұмыс жоспарлы түрде жүріп жатыр. Алдағы уақытта соңғы 150 метр болатын асфальтты төсеп, жаяу жүргіншілер жолы мен көше жарықтарын, су арықтары мен жол жүру белгілерін орнататын боламыз,-дейді мердігер өкілі Ш.Шухратов.

Айдын Жұмабекұлын жол жасау жұмыстарының барысымен таныстырған аудан әкімінің орынбасары Мұрат Залмұқанов бір жылдан астам уақыт жүріп жатқан жұмыстардың сапасы көңілден шығатынын айтты. Әсіресе осы кезге дейін асандық ағайынның басты мәселесі болған — көшелерге су жиналуы арықтар жасаудың арқасында шешіліпті. Сонымен қатар елді мекенді қаламен қосатын тіке жолдың жайы да оң шешімін тапқан.

Жасалған жұмыстарға оң бағасын берген мемлекеттік инспектор елді әбігерге салатын су жиналу мәселесін оң шешкен аудан басшылығының жұмысын жоғары бағалады.

Кейін аудан әкімі Марат Тоқжанов күн санап ұлғайып, халық саны өсіп жатқан Асан ауылына балабақша мен мектеп салу туралы жоспардың бар екенін де жеткізді.

Одан соң Айдын Ашуев Зеленый ауылына барып, өткен жылы күрделі жөндеуден өткен білім ордасының жұмысымен танысты. Ол жерде жұмыспен қамту орталығының басшысы Алексей Герасимов мемлекеттік инспекторға «Жұмыспен қамту жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша ауданда атқарылған жұмыстардың жайын баяндады.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы