24.06.2021, 15:15
Қараулар: 28
Вакцина заман талабы

Вакцина заман талабы

Аудан әкімі Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен жиында вакцинациялау мәселесі қаралды. Оған ауылдық округ әкімдері, бөлім, мекеме басшылары және қос аурухана директоры қатысты.

Алдымен аудан әкімінің орынбасары, аудандық мониторингтік топ жетекшісі Ерікқали Бисақаев сөз алып, екпе жұмыстары қалай жүріп жатқандығын баяндады. Оның сөзінше, қазіргі таңда ауданда жеті мыңға жуық тұрғын екпе алған.

-Екпе алу мәселесі қазіргі таңда қатаң бақылауда тұр. Соған байланысты барлық мекемелер мен бөлімдерге және әкімдіктерге тапсырма берілді. Қос аурухана мен екпеге жауапты мекемелермен бірлесіп жұмыстанып келеміз. Аудан орталығына медициналық жылжымалы кешен қойылды. Түрлі бейнероликтер мен ақпараттық түсіндірме парақтары да таратылды. Сондай-ақ медқызметкерлер екпе алам деген жандарға барып, вакцина салу жұмыстары да біріздендірілді. Ауданда 28500 адам вакцина алу керек деп бекітілді. Қазіргі таңда 7310 тұрғын егілді. Бұл — жұмыстың төрттен бірі аяқталды деген сөз. Бірақ әлі де жалғастыратын боламыз,-деді Ерікқали Бисақаев өз сөзінде.

Аудан әкімі орынбасарының сөзінше, екпе жұмысы ауданның Переметный бетінде жақсы атқарылыпты, бұл бетте 11626 адам вакцина алу керек болған болса, қазір олардың төрт мыңға жуығы алған. Ал Дариян бетінде 16874 тұрғын екпе алуы керек болған, олардың қазіргі таңда үш мыңнан астамы егіліпті. Бұдан бөлек, Ерікқали Ғұмарұлы ауылшаруашылық құрылымдары, кәсіпкерлік нысандары, басқа да мекеме жұмысшылары және халықпен тығыз жұмыстанатын дүкен, кафе, ресторан қызметкерлеріне екпе салу жұмысын біржақты ету керектігін де атап өтті.

Кейін аудандық №2 аурухана директоры Ғабитжан Ислямов пен аудандық аурухана эпидемиолог дәрігері Әсем Әлібиқызы вакцинациялауды толыққанды өткізуге не кедергі болып отырғандығына тоқталды. Сондай-ақ дәрігерлер Орал қаласындағы жылжымалы медициналық пунктерден екпе алған азаматтардың тізімін жасақтауда қиындықтар туындап отырғанын атап өтті. Сондай-ақ аудан орталығындағы ірі дүкен мен Щапов ауылындағы шошқа фермасының иелері жұмысшыларына екпе салуға қарсы екені де жиында сөз болды. Екіншісі өз қызметкері ауру жұқтырғанына қарамастан екпе алуға түбегейлі қарсылық танытыпты.

Жиын соңында аудан әкімі Марат Тоқжанов вакцина салу жұмысын жеделдетуді тапсырды.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы