5.02.2021, 11:19
Қараулар: 149
Дәрі тапшылығы жоқ

Дәрі тапшылығы жоқ

Covid-19 індетінің таралуын алдын алу, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын бақылау, сондай-ақ дәрі-дәрмек пен азық-түлік бағаларының негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында Бәйтерек ауданы «Nur Otan» партиясы филиалы, «Переметный» БПҰ партиялық бақылау комиссиясы мүшелері аудан орталығының бірқатар азық-түлік дүкендері және дәріханаларына рейд жүргізді.

Құрамында партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Ләззат Кажыгалиева, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық комиссиясының төрағасы Фархат Жалмурзин, Ауыл шаруашылық бөлімінің маманы Гүлжан Шатоковна, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибигүл Ахметжанова болған мониторингтік топ рейдтік шара барысында ауылдағы «Талап», «36,6» дәріханаларындағы антибиотиктердің, термометрлердің, ыстықты түсіретін және вирусқа қарсы препараттарының бар-жоғын тексерді. Сондай-ақ халық көп шоғырланатын банк мекемесін, «Скит» сауда үйі, «Центральный», «Алатау», «Лаура» дүкендеріндегі санитарлық талаптардың сақталуын тексеріп, олқылыққа жол берген кәсіп иелеріне ескерту жасады. Азық-түлік және күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасының өсіміне назар аударылды.

Рейд нәтижесінде медициналық маскалар бағасы тұрақтанғаны, дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығы жоқ екені анықталды. Фармацевттердің айтуынша, бүгінде қала қоймаларында дәрілер жеткілікті екен. Бақылау тобы мүшелері сатушылар мен фармацевттерге тұтынылатын өнімдер мен маскаларға қойылған бағаларды қатаң сақталуы керектігін айтты.

-Аудан тұрғындары сақтық шараларына жеткілікті көңіл бөлуде, айтарлықтай құқықбұзушылықтар болған жоқ. Дүкендердегі антисептиктер жаңартылып отырады екен. Тұрғындар бетперделерін өзімен бірге алып жүруді әдетке айналдырғанын да байқадық. Банк қызметкерлері банкомат пен терминалдарды залалсыздандырып отыратынын айтады. Дәріханалар қолжетімді бағадағы қажетті дәрілермен, сондай-ақ бетперделермен толық қамтамасыз етілген. Осындай қалыппен жалғастыра беретін болсақ, ауру жұқтырғандардың саны азаяды деген үміттеміз -дейді «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибигүл Ахметжанова.

Аталмыш шаралар ауданның басқа да ауылдық окруктерінде жалғасын таппақ.

Аружан АМАНЖОЛ,

Бәйтерек ауданы