25.02.2021, 9:41
Қараулар: 74
Жемқорлық – ғаламдық кесел

Жемқорлық – ғаламдық кесел

Бәйтерек аудандық №2 сотында мекеме мамандары мен судьяларының қатысуларымен «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді іс-қимыл сот жүйесінің табысты және кәсіби жұмыстары – халықтың сотқа деген сенім деңгейі өсуінің кепілі» атты жиын өтті.

Шара басында сөз алған сот төрағасы Бақытгүл Жәңгірова Мемлекеттік органдардағы лауазымды тұлғалардың әділдігі мен тәуелсіздігі жемқорлықтың алдын алу мен оны болдырмаудың маңызды тетіктерінің бірі екенін атап өтті.

-2015 жылы 18 қарашада қабылданған «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң мен 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағдарламасына сәйкес, жемқорлықты біржола жою үшін мемлекет тарапынан ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Елімізде сыбайлас жемқорлық тақырыбына арналған көптеген семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер мен форумдар өткізілуде. Сыбайлас жемқорлықпен күрес – ең өзекті мәселелердің бірі. Ата-бабаларымыз «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деп тегіннен тегін айтпаса керек. Тәуелсіздігімізді алғалы 30 жыл ішінде бүкіл әлемге біртұтас, ажырамас бірлігі бар ел ретінде танылып келеміз. Еліміз дамып, өркендеу жолында сыбайлас жемқорлықпен күресу – әр Қазақстан азаматының абыройлы борышы,-деді Б.Жәңгірова.

Сыбайлас жемқорлық дәрі беріп емдейтін сырқат емес. Ол айналасындағы салауатты, таза және сау ортаны шарпып, тыныс-тіршілігін тарылтатын, заңсыз әрекет. Бұл дерттің алдын алып, қоғамға таралу жолдарын кесіп, оның ұлғаюына жол бермеу үшін қандай шараларды қолға алып, кеселді жою жолдары жиында сөз болды.

Өз ойларын ашық білдірген мамандар сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті ең тиімді жолы ондай пасық әрекеттерден аулақ болуды әр азамат өз отбасынан бастауы керек екенін де айтты. Сонымен қатар ғасыр дертіне айналған мәселені дер кезінде ауыздықтау – қоғамның өсуінің, дамуының бірден-бір кепілі болмақ.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы