11.02.2021, 10:04
Қараулар: 65
Мемлекеттік бағдарламалар қарқынды жүзеге асуда

Мемлекеттік бағдарламалар қарқынды жүзеге асуда

Өз баяндамасында аудан әкімі мемлекеттік бағдарламалардың да жақсы жолға қойылғанын атап өтті. Былтыр ауданға мемлекеттік бағдарламалар арқылы 6 млрд 832 млн теңге қаражат бөлінген. Атап айтсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы Зеленое мектебі реконструкциялаудан өткен болса, Дариян, Мичурин, Асан ауылдарындағы жолдар жөнделген.

Сондай-ақ Көшім, Щапов, Достық ауылдарында кәріз жүйелері, Новенький ауылының су құбыры күрделі жөндеуден өткен. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы бөлінген 1 млрд 735 млн теңге Переметное а/о Калинино ауылындағы су құбыры мен Камен, Батурин мектептері және аудан орталығы Переметный ауылындағы жолдарды күрделі жөндеуге жұмсалған.

Ал «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы бөлінген 1 млрд 86 млн теңге Белес ауылына кірер 9 шақырым, Достық ауылына кіреберістегі 8 шақырым, «Переметное–Вечный» тас жолының Железнов ауылына дейінгі 12 шақырымын жөндеуге жұмсалған. Бұл жұмыс биыл да жалғасып, жол Шалғай ауылына дейінгі жетпек. Сонымен қатар аталған бағдарлама арқылы «Переметное–Цыганов» тас жолының Зеленое ауылына дейінгі 13 километрінің құрылысы аяқталған.

-«Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде 1 млрд 323 млн теңге бөлініп, 3 жобаны іске асырдық. Олар: Мичурин а/о Октябрьский, Асан ауылдары мен Үлкен Шаған ауылының су құбырларының құрылысы. Ауданда жүзеге асырылған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында 839 адам жұмысқа орналастырылды,-деді өз сөзінде М.Тоқжанов.