1.06.2021, 17:05
Қараулар: 12
Ашық аспан астындағы ашық әңгіме

Ашық аспан астындағы ашық әңгіме

Бәйтерек ауданының әкімі Марат Тоқжановтың жастарымен кездесуі өтті. Ашық аспан астында ашық диалог форматында оздырылған кездесуді аудандық ішкі саясат бөлімі мен жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық ұйымдастырды. Оған ауылдық округтердің белсенді жастары, жас мамандар, спортшылар қатысты.

Кездесу барысында аудан әкімі ел үкіметінің қолдауымен жастарға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар мен жастар саясатын жүргізуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар турасында сөз қозғады. Сондай-ақ мемлекеттік жұмыстың қиындығы мен қызығы турасында да кеңінен әңгіме өрбітті.

Еркін форматтағы ашық әңгіме барысында Дариян ауылының жастары мемлекеттік қызметке орналасқан жастарға көбірек қолдау болса деген сауалын жолдаса, сұлукөлдік жастар шалғай ауылдарға жұмысқа орналасқан жастар жағы көзден таса қалмаса екен деген тілегін жеткізді. Оған жауап берген аудан басшысы мемлекеттік қызметкер жеке бас пайдасы мен өмірін ел мүддесі үшін ысырып қойып, уақытпен санаспай еңбектену керектігін айтты.

-Кез келген еңбектің өз қиындығы бар. Ал мемлекеттік жұмысқа тұрған азаматтардың мойнына тек өз жұмысы ғана емес, түгелдей елдің жүгі артылады. Сондықтан ондай жастарға қашан да құрметпен қараймыз. Ал шалғай ауылдарға жұмысқа тұрған жастарға келсек, олар да үлкен құрметке лайық. Өйткені ақпараттық технология дамыған заманда бірде жолы, енді бірде сапалы интернеті болмай қалатын елді мекенге барып, еңбек етуге екінің бірі тәуекел ете бермейді. Жыл сайын аудан аумағындағы жол мәселесі шешіліп келеді. Болашақта шалғайдағы ауылдар мен елді мекендерді аудан, облыс орталығымен қосатын жолдарды жөндеу жайын шешуге тырысатын боламыз. Ол жақтағы ағайынның да жағдайының реттелуіне барлығымыз мүдделіміз,-деді М.Тоқжанов.

Сонымен қатар ауыл спортын дамыту және болашақтағы жоспары жайында сұрақтарын қойған жастар өз ұсыныс пікірлерін де ортаға салып, еркін сұхбат құра білді.

Кездесу соңында Марат Лұқпанұлы жастарға Елбасымыздың алға қойған мақсаттарына қол жеткізу үшін алған білімдері мен күш-жігерлерін ауданымыздың өсіп-өркендеуі жолында жұмсауларына тілектестігін білдірді.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы