2.06.2021, 11:49
Қараулар: 21
Балалық шақтың бал күні

Балалық шақтың бал күні

Бәйтерек ауданы Дарьинск модельді балалар кітапханасы «Ашық аспан аясындағы жазғы демалыс» атты мерекелік шара ұйымдастырды. Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылған қызықты салтанатқа ауыл балалары тегіс жиналды. Шара басында жүздерінде қуаныш орнаған балалар бір-бірінің ермексаздан жасаған бұйымдарын тамашалап, мәре-сәре болды. Бала қиялынан туған ойыншықтар ертеңгі күнге деген сенім мен бүлдіршін көңіліндегі қуанышты бейнелегендей болды.
Одан әрі мереке түрлі ойындарға ұласты. Қызықты эстафеталарға қатысқан балалар жеңістерін ата-аналарымен бірге әжелеріне арнап, көпшілік көңіліне қуаныш сыйлады. Мереке барысында кітап көрмесі таныстырылды. Сондай-ақ кітапханашы балақайларға викториналық сұрақ қойып, білім бәйгесінен озық шыққандар да табылды.
Қызықты шара соңында балалар модельді кітапханасының меңгерушісі Лидия Саманюк қатысушыларға ризашылығын білдіріп, бүлдіршіндерге бағалы сыйлықтар таратты.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы