3.02.2021, 11:19
Қараулар: 135
Балыққа ауа

Балыққа ауа

Бәйтерек ауданындық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және «Жас туристер станциясы» қызметкерлері «Балыққа ауа жібереміз» атты экологиялық онлайн-челленджді бастады.

1 ақпан мен 5 наурыз аралығында өтетін шара барысында еріктілер мен табиғат жанашырлары мұз басқан өзен-көлдер бетіне ойықтар жасап, балыққа ауа жіберетін болады.

Аталмыш челленджге жастар, экология үйірмесінің тәрбиеленушілері, ата-аналар мен ұстаздар қатыса алады.

-Қыз мезгілінде аудан аймағында ораналасқан өзен-көлдердің бетін мұз басуы балықтардың тұншығуына әкеліп соғады. Осы кезге дейін ауыл балықшылары көп болмаса да балықтың тұншығып жатқанын айтты. Сол себепті туризм орталығы қызметкерлері жыл сайынғы дәстүрге сай балықтарды құтқару мақсатында экологиялық акциялар ұйымдастырдық. Биыл да бұл бастама өз жалғасын тапты. Осы ретте бастамамызға алғаш болып қолдауын көрсеткен Қасым Аманжолов және Переметный мектептерінің оқушыларына алғыс білдіргім келеді,-дейді аудандық жас туристер стансасының қызметкері Асхат Бекешов.

Челлендж ұйымдастырушыларының сөзінше, биыл экологиялық шара Деркөл өзенінен басталған. Басты мақсаты жастардың бойына экологиялық мәдениеттілікті қалыптастырып, туған өлке табиғатына қамқор болуға шақыру екен.

Бастамашыл жастар аталған челленджді фото және видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желілерге жарияламақ. Осы арқылы табиғат жанашырлары қатарын көбейткісі келеді. Ал наурыз айында аталған шараға белсенді қатысқан азаматтар марапатталадын болады.

Аружан АМАНЖОЛ,

Бәйтерек ауданы