10.02.2021, 10:07
Қараулар: 147
Кәсіп ашуға ынта керек

Кәсіп ашуға ынта керек

Қазақтың өрнегі бастырылып, оюы таңбаланған бұйымдары көздің жауын алады. Ал түрлі көрпе тігу, қыз жасауын жинақтау аналарымыздың көне заманнан қол үзбей келе жатқан дәстүрі. Бүгінде асыл мұрамызға көзінің қарашығындай сақтаған шебер бұрымдыларымыз бен жеңгелеріміз оған жаңа дем беріп, кәсіп қылуда.

Бүгінгі кейіпкеріміз Әлия Атчибаева ұлттық қолөнер бұйымдарынан тұратын көрпе, жастық сынды эксклюзивті жиынтықтар тігумен айналысады. Айтуынша, бала күнінен тоқыма мен ине-жіпке жаны құмар болған.

Ол Қарақалпақстан елі, Қоңырат ауданының тумасы. 2015 жылы Бәйтерек ауданына отбасымен қоныс аударған. Қазір Переметный ауылында тұрады. Ана сүтімен дарыған сүйікті ісін кәсібіне айналдырып, табыс тауып отыр.

Әлия жолдасы екеуі 5 қызды тәрбилеуде. Ең кішісі 4 жаста.

-Қыздарым жұмысымды жалғастыруға кедергі келтірмейді, керісінше, балалар — менің басты қолдаушыларым,- дейді ол.

Көп балалы ана бос уақытын сүйікті ісіне арнайды. «Instagram», «ВКонтакте» әлеуметтік желілерін жарнама үшін пайдаланып, тоқыма бұйымдарына тапсырыс қабылдайды.

-Өткен жылы «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жұмысы жайында естідім. Пандемия өршіп тұрғанына қарамастан оқуымды онлайн жалғастырып, қосымша білім алған болатынмын. Алған білімім нәтижесінде бизнес жоспар құрып, «Бастау» жобасы арқылы қайтарымсыз грант ұтып алдым. Ол қаржыға жүн түтетін станок және басқа да материал алып, ісімді бастадым. Қазір тұрақты табысым бар,-дейді Әлия апамыз.

Қазіргі таңда тігін өнеркәсібінің әлем экономикасы алдындағы үлес-салмағы жоғары. Ал «Бастау» жобасы жұмыссыздықпен күрес және жаппай кәсіпкерлікті дамытуда тиімді құрал болып табылады. Нәтижелі жұмыспен қамту мемлекеттік бағдарламасы арқылы былтыр сегіз көпбалалы отбасы өз ісін ашуға грант жеңіп алған.

-Қазір шағын кәсібімді үйде дөңгелетіп, тапсырыс қабылдаудамын. Болашақта жеке цех ашуды армандаймын. Сондай-ақ өзім секілді көпбалалы аналар мен қыз-келіншектерге кәсіп ашып, жұмыс жасауға қолдау көрсетіп, жұмыспен қамтығым келеді. Өз ісін бастағысы келетін әр адам үшін мемлекеттің қолдауы бар. Арнайы курстардан өтіп, бизнес-жоспар жасау жеткілікті. Бұл үшін артық байлықтың да керегі шамалы, ең бастысы — мақсат пен ынта,-дейді шебер.

Бүгінде Әлия ханым айына бірнеше тапсырыс қабылдайды. Оның қазақы нақышта жасалған бұйымдарына деген сұраныс та арта түскен. Қолынан іс келетін әр адам тәуекел етіп, сүйікті ісін тұрақты ақша түсірер кәсіпке айналдыра алатынын айтады шебер.

Аружан АМАНЖОЛ,

Бәйтерек ауданы