8.02.2021, 17:26
Қараулар: 117
Экологиялық челлендж қолдау тапты

Экологиялық челлендж қолдау тапты

Өткен аптада Бәйтерек аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығы және «Жас туристер станциясы» қызметкерлері «Балыққа ауа жібереміз» атты экологиялық челленджді бастаған болатын. Табиғат жанашырларының үніне алғашқылардың бірі болып Зеленый ауылының азаматтары қолдау білдірген.

-Табиғатқа жанашырлық таныту әр азаматтың борышы. Аудан көлемінде осындай тамаша челлендждің барын айтып, ауыл аумағындағы Деркөл өзеніне ойық салу туралы бастама көтергенімізде ауыл тұрғындары бірден қолдау білдірді. Демалыс күні ауыл азаматтары мен жастар және волонтерлар бірігіп, балық қорғау инспекциясы мамандарының бақылауымен мұз бетіне ойықтар салып, балыққа ауа жібердік. Алдағы уақытта бұндай шараларды жиі өткізетін боламыз,-дейді Зеленый ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Талғат Молтуганов.

Аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жанар Губашеваның айтуынша, экологиялық челленджге зеленыйлықтардан бөлек, Чеботарев, Январцев, Белес ауылдық округтерінің тұрғындары да атсалысыпты.

-Бүгінде біздің бастама жақсы қолдау тапты. Наурыздың 5-не дейін созылатын челленджді осы аптада Көшім жастары жалғамақ ниетте. Басқа округ тұрғындарының да шетте қалмасы анық,-дейді Ж.Губашева.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы