3.03.2021, 16:32
Қараулар: 90
Ізгі жан

Ізгі жан

Ұзын бойлы, кең жауырынды, кең маңдайлы, дөңгелек жүзді, қашан көрсең де күлімдеп жүретін салиқалы жанды ауылдағы мәдени шараларда жиі ұшырастыратынмын. Үнемі ансамбль құрамында ән шырқап, көңілді кейіпте жүретін Дариян ауылының тұрғыны Мағзия Мүтиқызының көп жылдар бойы ауылда қалтқысыз қызмет жасағанын ел біледі. Апамыз осы күні зейнетте болса да, түрлі қоғамдық шаралардың бел ортасынан табылып, көрген-білгенін жастарға үйретуден шаршамайды. Қандай заман болса да, еңбек пен өнерден бір сәтке қол үзбеген жанмен кездесіп, сұхбаттасудың сәті мереке алдында түсті.

smart

Казталовка ауданының бұрынғы Богатырев ауылында 1958 жылы дүниеге келген Мағзия Сарбалақова 1975 жылы орта мектепті бітіріп, Орал қаласындағы кооперативтік техникумына түседі. Оқуын аяқтаған соң еңбек жолын сол кездегі Приурал ауданының орталығы Дарьинск ауылындағы кооперативтік орталығында есепші болып бастайды.

1977 жылы өмірлік жары Науан ағаймен бас қосқан. Отбасында бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. 1978 жылы кәсіподақ ұйымына жұмысқа тұрып, 1997 жылға дейін қызмет етеді. Сол жылы аудан қысқартылып, ол еңбек жолын мәдениет үйінде аға кассир болып жалғастырады.

Алғыр да еңбекқор ана жұмыс істей жүріп, Сәмен Есенгелдиева, Алтынай Дөкеева, Сәуле Жұмағалиева сынды құрбыларымен бірлесіп, «Ақ шағала» әжелер ансамблінің құрылуына себепші болады. Содан бері ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Ал Мағзия апамыз әлі де ансамблге жетекшілік етіп келеді.

-Өнерге деген құштарлығым әкемнен дарыған. Бала кезімізде ол бізді өнерге баулып, өзі де қосылып ән шырқап отыратын. Өсе келе сахнаны таңдамасам да түрлі шараларда ән салып жүрдім,-дейді апамыз.

Кейіпкеріміз сөз арасында өзін қазақ қыздарының ұлттық тәрбиесі мен мемлекеттік тіл мәселесіне қатты алаңдайтынын айтты. Қашан да жастарға қазақ деген атқа лайық болып, жарасымды киініп, намысты болу керектігін айтып отырады. Сондай-ақ отбасындағы татулық пен келін мен ене арасындағы сыйластық жайында да көп айтып жүретін апамыз 20 жылдан бері келіні Жібекпен бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп келеді.

-Соңғы жылдары келін мен ене арасына жік салар түрлі әңгімелер көбейді. Бұл да қазақ қоғамын бұзуда. Сол себепті жақсы келін тәрбиелегісі келген ене де тәрбиелі болу керектігін айтып отырамын. Ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз бен ұлттық құндылықтарымыз әр қазақ шаңырағында орын алуы тиіс,- дейді апай.

Саясат салдарынан орыстанып, қазақы тәрбие мен діл өзгерген Дариянды қазақыландыру ісін алғашқылардың бірі болып бастаған ол көп тұрғынның ұлт дәстүріне деген қызығушылығын оятқан. Оны тұрғындар бесікке салу, тұсау кесу сияқты тойларға шақырып, білмеген жерлерін үйретуді сұрайды екен. Кей сәттерде ауылдың үлкен азаматтары Мағзия апамызға өз жолын ұсынып, бата беруге мәжбүрлейді екен. Бірақ, ердің жолын кесіп көрмеген ол ер адам отырған жерде суырылып бата бермепті.

Қашан көрсең де сыпайы қалпынан таймайтын апамызға көршісі марқұм Хамит Ерғалиев «Сенсіз шара өтпейді, қай уақытта да ортаның сәні болып жүресің» деп баға берсе, ауылдың сыйлы азаматы Талғат Қарасаев ағамыз «Сізден үнемі қазақтың иісі шығып тұратын, нағыз қазақ, қазақ әйеліне тән қасиет бойыңызда бар» деп жігерлендіріпті.

Қырық жылдан астам уақыт Науан ағаймен отасқан апамыз бүгінде қызын қияға, ұлын ұяға қондырған бақытты жан. Немере-жиендердің қызығына бөленуде. Зейнеткерлік демалысқа шықса да, қол қусырып отырған жоқ. Қашанғы әдетінше ауылдың қоғамдық өміріне белсене араласып, өзіндік пікірін білдіріп отырады. Өзі жетекшілік етіп жүрген «Ақ шағала» әжелер ансамблімен бірге өнерге, өнерпазға қолдау танытып, қазақ өнерінің қарыштап дамуына өз үлесін қосып келеді.

Болашақта әжелер мектебін өркендетіп, отбасы құндылығы, ұлттық тәрбиені ұрпақ бойына сіңіруде талмай жұмыстанбақ.

Кішіге өнеге, үлкенге үлгі, ұрпағына ұлағатты, ортасына сыйлы бола білген Мағзия Мүтиқызымыз осындай.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы