15.04.2021, 14:38
Қараулар: 28
Ғашықтар күніне «Мөлдір махаббат» байқауы оздырылды

Ғашықтар күніне «Мөлдір махаббат» байқауы оздырылды

15 сәуір елімізде «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» күні немесе бейресми ғашықтар күні болып есептеледі. Осы орайда Бәйтерек аудандық мәдени-демалыс орталығының қолдауымен Дариян ауылдық мәдениет үйі «Мөлдір махаббат» атты байқау ұйымдастырды.

Қозы мен Баян, Ләйлі мен Мәжнүн, Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебектің махаббатын үлгі етіп, жастардың бойында нәзік сезім, сұлулық пен инабаттылық қалыптастыру, олардың ұлттық дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды сақтау, елі мен жеріне, өз тіліне деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында оздырылған байқауға 15-23 жас аралығындағы қыздар мен жігіттер қатысты.

Байқау шарты бойынша қатысушылар көрініс қоюы немесе бір махаббат туралы өлеңді диалог түрінде оқуы керек болды. Махаббат күніне орайластырған шараға негізінен жас отбасылар қатысты. Қорытындысында дарияндық жұп Қасым мен Аяулым Қапсанатовтар отбасы бас жүлдені жеңіп алса, мичуриндік Ермұхан Еркінғали мен Таубаева Ақкенже бірінші, Володар ауылынан қатысқан Рысбек пен Айман Хайдаровтар екінші орынға лайық деп танылды.

Барлық қатысушыларды ұйымдастырушылар бағалы сыйлықтармен марапаттады.

Гүлжан АЯЗБАЕВА,

Бәйтерек ауданы