21.07.2021, 9:32
Қараулар: 13
Құрбан айт мерекесі тойланды

Құрбан айт мерекесі тойланды

Мұсылман үшін қасиетті саналатын құрбан айт мейрамы басталды. Бәйтерек ауданы орталығы Переметный ауылындағы Жұбан молда мешітінде таң сәріден айт намазы оқылып, құрбандық шалынды. Жамағат дұға жасап, мұсылмандық парыздарын орындады.

Араздасқан ағайынның татуласып, шаттыққа кенелетін мерекесіне жиналған жамағатты мешіт имамы Бейімбет Дүйсенәлі құттықтап, құрбандық шалу, айт мерекесі туралы уағыз айтты. Сондай-ақ намаздан соң білім жарысы ұйымдастырылып, үздіктерге бағалы сыйлықтар таратылды.

-Баршаңызды айтулы мереке — Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын. Қадірі асқан Құрбан айт – дүйім мұсылман әлемі үшін ең ұлық мереке. Әр адамның жан дүниесін жадыратып, халықты бірлікке бастайтын, қанағат пен ынсапты арттыратын қадірлі мейрам. Халқымыз Құрбан айтты тағатсыз тосып, мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауға асығады. Өкінішке орай, биыл екінші жыл айтты халқымыз қиын жағдайда қарсы алуда. Әлемге жайылған пандемия қасиетті дінімізге тән рәсімдерді көпшілік ел болып атқаруға кедергі болуда. Десе де, әр отбасы Жаратушының ризашылығы үшін өз үйінде құрбан шалып, құлшылық жасауына әбден болады. Тұтас халықтың денсаулығын, елдің болашағын ойлағаннан жасалған уақытша шектеулерге түсіністікпен қарауға шақырамын. Бұл індетті жеңудің жолы — оқшаулану ғана.

Айттан айтқа аман жетейік. Ел іргесі бүтін, әр күніміз берекелі болғай,-деді жамағатты мерекемен құттықтаған аудан әкімі Марат Тоқжанов.

Мұсылман үшін мәртебесі биік саналатын мерекені елмен бірге қарсы алған аудан әкімі Марат Тоқжанов аудан әкімдігі атынан ел амандығы үшін құрбан шалып, Жұбан молда мешітіне заманауи теледидар тарту етті.

Кейін мереке спорттық шараға ұласты. Арқан тартыс және қазақ күресі сындарына шыққан спортшылар мерекенің сәнін кіргізді. Арқан тартқан білекті жігіттер бәсекесінде Мақсот Губашев жеңіске жетті. Ал бала палуандар сынына келер болсақ, ең жеңіл салмақтағы бәсекеде Бекжан Жұма, орта салмақта Ерсайын Ермұхан, ауыр салмақта Әлішер Мырзагереев сынды палуандар жеңіске жетті. Тойдың сәнін кіргізген түйе палуандар додасында Мерхан Бабатаевқа тең келер спортшы табылмады.

Айт мерекесіне орай ұйымдастырылған спорт бәсекелерінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері «Шапағат шамшырағы» қоғамдық бірлестігі мен аудандық

қазақ күресі федерациясы ұсынған бағалы сыйлықтар мен кубок және медальдарға ие болды.

Үш күнге ұласатын айтта шалынған құрбандықтың еті негізінен үшке бөлінеді. Бір бөлігі — өзіңізге, ал қалған екеуі ағайын, тума, көрші-қолаң мен мұқтаж жандарға беріледі.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы