9.08.2021, 15:18
Қараулар: 61
Әні әуелеген Әділхан

Әні әуелеген Әділхан

1991 жыл – қазақ елі үшін қасиетті жыл. Бодандықтан босап, азаттыққа қол жеткізген тұста өмір есігін ашқан сәбилер бүгінде өмірден өз орындарын тауып, ел өміріне араласып жүр. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Дариян ауылында тұратын егемендік құрдасынан сыр тартқан едік. Ол – өнерімен елге танылған әнші Әділхан Қадыров. Өнер саласына келгеніне 10 жылға жуық уақыт болса да, біраз белесті бағындырып үлгерген Әділхан әнші Сырым ауданының Абай кеңшары Көздіқара ауылының тумасы.

2008 жылы ауылындағы орта мектепті бітіріп, Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы мемлекеттік университет студенті атанады. Жоғарғы оқу орнындағы музыкалық білім факультетін 2012 жылы бітірісімен еңбекке араласқан жас маман ауданға қарасты Новенький ауылындағы мектепке музыка пәнінің мұғалімі болып орналасады.

Ауыл сәнін кіргізіп, түрлі мерекелік шаралар мен қоғамдық өмірге белсенді араласқан Әділханды новенькийлық ағайын әнші бала атап кетеді. Белсенді әрі өнерлі жан 2013 жылы Орал қаласында өткен патриоттық әндер байқауында тамаша өнерімен мәдениет майталмандарының көзіне түседі. Талантты жастың орны мектеп емес, сахна екенін түсінген ауданның мәдениет саласындағы басшылар оны Дариян ауылындағы мәдениет үйіне солист етіп жұмысқа шақырады. Мәдениет қызметкері болуды армандаған Әділхан бұл ұсынысты қуана қабылдайды. Міне, содан бері әуезді дауысымен дарияндықтарды ғана емес, аудан көрермендерін баурап алған әнші көпшіліктің сүйікті өнерпазына айналды.

Әділханның айтуынша, оның өнерге деген құштарлығы кіндік шешесі Меңсұлу апайдан дарыған екен.

-Кіндік шешем жас кезінде музыкалық білім алғанымен, отбасы жағдайына байланысты сахнаны тастауға мәжбүр болған. Меңсұлу апай студент кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қанатқали Қожақовпен бірге оқыған. Менің де сахнаға шығуыма сол кісі септігін тигізді. Халықтың ақ батасы болар, содан бері сахнадан түспей, тыңдарманымды таптым,- дейді Әділхан Әбдірахманұлы.

Осы жылдар ішінде талай байқауға қатысқан әнші 2015 жылы Сырым ауданында өткен ән байқауында жүлделі орын алса, Жеңістің 70 жылдығына арналған тағы бір ән додасында тамаша өнер көрсетеді. 2016 жылы Орал қаласындағы жастар шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен мәдениет және өнер қызметкерлерінің арасында республикалық деңгейде өткен байқауда екінші орынды иеленсе, 2017 жылы Е.Хасанғалиев атындағы «Атамекен» халықаралық байқауға қатысып, «Айналдым елім», «Сені ойлай»

әндерін орындап дипломант атанады. Бұдан бөлек, 2015 жылдан бастап әріптесі Нұршат Ғұбайдуллин екеуі «Нұр-Әділ» тобын құрып, халыққа қалтқысыз қызмет етіп келеді. 2018 жылы «Жыл үздігі» байқауына қатысып, сол кездегі аудан әкімі А.Шахаровтың алғыс хатымен марапатталған.

-Жоғымды әннен тапқан адаммын. Әнсіз өнерімді елестете алмаймын. Алла бұйыртса, ән альбомдарымды жаңғыртуды көздеп отырмын. Қашан да өнеріме қолдау көрсетіп келе жатырған ел ағалары аман болса деймін,- дейді Әділхан.

Осыдан бес жыл бұрын мемлкеттік «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша жұмыс жасап отырған ауылынан үй алған. Жастардың ауылда тұрақтанып қалуына үлкен серпін берген бағдарламаның игілігін көрген ол қазір сол үйде жары Таңшолпан және ұлдары Әл-Фараби, Аянмен тұрып жатыр.

Аудан көрермендерінің әуелеген әншісіне айналған ол қолы қалт етсе қоғамдық жұмыстардың да бел ортасында жүреді. Еңбексүйгіштігімен, ұстамдылығымен, өнерімен ерекшеленетін Әділхан Әбдірахманұлының алар асулары көп болғай.

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы