29.01.2021, 11:48
Қараулар: 147
Аудан шаңғышылары алдыңғы қатарда

Аудан шаңғышылары алдыңғы қатарда

Орал қаласында шаңғы жарысынан бақылау бәсекесі өтті. Қалалық спорт бөлімі қолдауымен өткен сайысты БҚО шаңғы жарысы федерациясы ұйымдастырды. Бұл бәсекенің тағы бір ерекшелігі – аталған бәсекеде алғаш рет электронды уақыт өлшеу құрылғысы қолданылды. Бұл құрылғыны пайдалану өңіріміздің шаңғы жарысы федерациясының жемісті еңбегінің арқасында мүмкін болғанын атап өткен жөн.

Облыс шаңғышыларының бабын байқап, шеберліктерін арттыру және алда өтетін жарыстарға іріктеу мақсатында оздырылған бәсекесі болғандықтан, сайысқа өңір аудандары мен Орал қаласының ең мықты деген спортшылары келді. Ұйымдастырушылар жарысқа 130-дан астам спортшы келгенін айтады.

Барлық санитарлық талаптардың қатаң сақталуымен оздырылған бәсекеде спортшылар 8 жас ерекшелігі бойынша бақ сынасты. Екі күнге созылған жарыстың бірінші күні шаңғышылар еркін әдіспен жарысты. Қорытындысында 13-14 жас аралығындағы ер балалар сынында Бахтияр Есимов бірінші орын иеленсе, Артем Гардинар екінші орынға табан тіреді. Бұл жігіттермен құрдас қыздар бәсекесіне келер болсақ, Виктория Глотова екінші, Надежда Беспалова үшінші нәтиже көрсетті. 15-16 жастағы ерлер сынында Бәйтерек ауданының намысын қорғаған Айдар Галиев үшінші, қыздар сынында Наталья Панова бірінші орынға ие болды.

Ал классикалық әдіспен жарысу бәсекесінің қорытындысында бәйтеректік Бахтияр Есимов 13-14 жасар спортшылар сынында, Наталья Панова 15-16 жасар қыздар арасында және Ляззат Төлепбергенова 19 жастан жоғары спортшылар бәсекесінде алдына жан салмады. Бұдан бөлек өзімен қатарлы спортшылар арасында Айдар Галиев, Илья Козловский, Виктория Глотова, Алтынғали Төлепбергенов сияқты шаңғышылар екінші нәтиже көрсетті. Сондай-ақ Наил Сатыбаев жеңіс тұғырының үшінші сатысына көтерілді.

-Бақылау жарысы болғандықтан, кілең мықтылар келді сайысқа. Аудан намысын қорғаған Январцев, Янайкин ауылының спортшылары намысты қолдан бермеді. Переметныйлық қыз-жігіттер де тырысып бақты. Шәкірттерімнің нәтижелері қуантады. Бірақ бұл жаттығуды тоқтату керек деген сөз емес. Өйткені жасалатын жұмыс шаш-етектен,-дейді аудан шаңғышыларын баптап жүрген Серік Құрманғазыұлы.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы