11.01.2022, 16:26
Қараулар: 29
Бапкер

Бапкер

Өткен жыл соңында облыс орталығында өткен бокстан ел біріншілігінде жерлесіміз Нұрсұлтан Нұриденов күміс жүлде еншілеп, баршамызды марқайтып тастады. Осыған дейін Данияр Елеусінов пен Даниял Сәбитті ғана естуші едік, енді Орал бокс мектебінің атын Нұрсұлтан Нұриденов атты жас спортшы көтереді деп топшылай бастады көпшілік.

Бүгінде Орал қаласында жаттығатын жас оғлан бокс әліппесін Бәйтерек ауданында ашқанын біреу білсе, енді біреу біле бермейді. Шағын ғана ауылда туып, ел біріншілігінде олжа салған спортшының алғашқы бапкері – Ербол Сарбасов. Бірақ әңгімемізді әріден бастағымыз келеді. Өйткені ауданда бокс үйірмесін ашып, балаларды спортқа баулыған Нұрсұлтанның бапкері болып жүрген жанның өзін де бапкерлік жолға салған адам өзге. Ол – Қазыбек Сейітқалиев.

Сонау екі мыңыншы жылдары Достық ауылына қоныс аударып келген Қазыбек Сейітқалиевті көпшілік жақсы бапкер ретінде таниды. Қандай қиындық болса да сүйікті ісіне адал болған жанды жерлестері де ерекше құрметтейді. Өйткені ол ауыл балаларын спортқа баулып, босқа жүрмеуге, өзгені құрметтеуге үйретеді. Аты көпке мәлім жанның шәкірттері талай бәсекеде жүлде салып та жүр. Ауыл, аудан спортына еңбегі сіңген жан туралы жазуды көптен ойластырып жүрген едім. Еш сәті түспей қойды. Бірде ол кісі жарыста жүрсе, енді бірде мен іс-сапарда жүремін. Оралда өткен ел чемпионатынан соң өзі хабарласып, «Қажетті сұрақтарды жібер, онлайн сұхбат құрайық» деді. Еңбегі зор, берері мол жанның ұсынысынан бас тарттым. Өйткені бірнеше жақсы спортшы мен талай бапкер дайындап, өңір боксына еңбегі сіңген бапкермен көзбе-көз тілесуім керек деп топшыладым.

Қазыбек Сейітқалиев өңіріміздің Казталов ауданы Жалпақтал ауылында дүниеге келген. Жастайынан спортқа құмар болған ол гір спортымен шұғылданыпты.

-Ауылда көбі күрес, волейбол сияқты спорт түрлерімен шұғылданатын. Ал мені гір спорты қызықтырды. Еркін Нұрғалиев атты бапкерімнің қол астында жаттықтым. Өзіме ол спорт түрі қатты ұнады,-дейді Қазыбек бапкер.

Туған жерінде мектепті аяқтап, Орал қаласына арман қуып келген жас Қазыбек облыс орталығында түрлі салада жұмыс жасап, спортты біраз уақытқа қояды. Өйткені өзі еңбек ететін құрылыс саласы көп күшті қажет ететін. Сүйтіп жүргенде оны әскерге шақырады. КСРО ыдырар шақта Отан алдындағы борышын өтеуге аттанған жас спортшы қазіргі Ресей Федерациясының Санкт-Петербург қаласында қызмет атқарады.

Әскердегі өмірі жайлы көп айта бермейтін Қазыбек Сейітқалиев елге оралған соң Орал қаласына орналасып, қайтадан құрылыс саласына жұмысқа тұрады.

-Тоқсаныншы жылдардың басы ешкімге оңай болмады. Десе де жұмыс жасап, нанымызды адал еңбекпен табуға тырыстық. Біраз уақыт жалақы алмаған кездерді де көрдік,-дейді кейіпкеріміз.

Жастайынан спортты жанындай сүйген Қазыбек құрылыстағы жұмысымен қатар спортты да алып жүруге бел буады. Осылайша Қуаныш Оқасов атты бапкерге келіп, боксқа ден қояды. Біраз уақыттан соң талантты жігіт жақсы нәтиже көрсете бастайды. Ара-тұра болып тұратын түрлі жарыстарға шығып, жүлдеге де ілігеді. Қуаныш Оқасовтан бөлек, Марат Елеусіновтің де қол астында жаттығады.

Қандай қиын кездер болса да сүйікті спортынан бас тартпаған кейіпкеріміз тоқсаныншы жылдардағы қаражаттың аздығы кесірінен көп боксшы жарыстарға шыға алмағанын өкінішпен еске алады.

-Облыстық жарыстар өтіп тұратын. Оны оңай жеңіп аламыз. Облыстың бірнеше дүркін чемпионы деген атағымыз да бар. Бірақ одан әріге барып, бағымызды сынауға мүмкіндік болмады. Десе де спорттан алыстамадық,-деп өзінің боксшы шағын еске алады ол.

Содан ғасырлар тоғысында боксты қойып, Достық ауылынан бокс үйірмесін ашып, бапкерлік жолға түседі. Ол жерде де кейіпкеріміз қиындықтан құтыла қоймайды. Өйткені толыққанды жаттығу өткізетін мүмкіндік жоқ еді. Десе де спортқа, соның ішінде боксқа құмартқан балалар көп болыпты.

-Бокс ашқан шақта балалар көп келді. Қолда бар мүмкіндікпен жаттығу ұйымдастырып жүрдік. Жөнді груша, келісті ринг деген болмады. Жаттығуға келген 30-40 балаға екі қолғап. Бірақ жастардың құлшынысы мықты болды,-деп бапкерлік жолының басын еске алады кейіпкеріміз.

Шәкірттері үшін талай табалдырық тоздырып, жас боксшыларға жағдай жасауға ұмтылған Қазыбек Сейітқалиев бапкерлік жолының басында аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры қызметінде болған Иван Юнусовтан жақсы қолдау болғанын айтады. Сол кісінің арқасында жарыстарға шығуға мүмкіндік алған. Десе де бөлінетін аз-мұз қаражат бәйге атындай жаратылған боксшылардың айызын қандыра алмаса керек. Өйткені шеберліктерін шыңдауға ұмтылған ауыл боксшылары бақтарын басқа аудан, басқа облыстарда сынап көргісі келіпті.

-Шәкірттерімнің талпынысы мықты еді. Жарыс болатынын естіген шақта ауыл маңындағы бақшаға барып жұмыс жасап келетін. Қанша шаршап тұрса да жаттығуын қалдырмай жүрді олар. Жас жігіттердің шеберліктерін шыңдау үшін Орал қаласына барып, №43, №19 мектептер мен «Олимп» бокс залына барып, спаррингтер өткізіп тұрдық,-дейді Қазыбек Сейітқалиев.

Осылайша шәкірттерін баласындай көріп кеткен бапкер олардың еңбекке деген талпынысын қашан да құптаған. Жарысқа бару үшін таңнан кешке дейін бақшада жұмыстанып, кейін жаттығуға келетін шәкірттері төгілген тердің нақақ еместігін көрсеткенін айтады бапкер.

Осындай тынымсыз еңбек көп ұзамай нәтижесін де берді. Асхат Рысбаев, Ербол Сарбасов, Алтай Бекманов, Азамат Сайфуллин, Мейрамбек Мәжитов, кейін Жеңіс Жәукенов сынды шәкірттері түрлі жарыстарда орын алып, бапкер мерейі аса түседі. Мектеп ішіндегі бокс залы да қажетті құрал-жабдықпен толығып, жаттығу жасауға жағдай туады. Әсіресе ҚР спорт шебері атанған, біраз жыл облыстың бірінші нөмірі болған Мейрамбек Мәжитовты спортсүйер қауым жақсы таниды. Ел біріншілігіне бірнеше мәрте қатысып, атағынан ат үркетін Біржан Жақыпов сынды білікті боксшыға лайықты қарсылас бола білген Мәжитов – Достық ауылының мақтанышы. Одан бөлек, бапкерлерінің жолын қуып, өздері шәкірт тәрбиелеп жүрген Асхат Рысбаев, Ербол Сарбасов, Алтай Бекманов сияқты жігіттер де бар. Ал кәсіпкерлік жолды таңдаған Жеңіс Жәукенов жарақат алмағанда ұзаққа шабар еді.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген осы болар? Бүгінде Қазыбектің тәрбиесін көрген Ербол Сарбасовтың қол астында бокс әліппесін ашқан Нұрсұлтан Нұриденов ел біріншілігінің күміс жүлдегері атанса, Асхат Рысбаев баптайтын Назар Жүсіпов болашағынан үміт күттіретін жастардың қатарында.

Әлі де ат үстінде жүрген ауыл бапкері шәкірт жинап, бір кездері өзі тәрбие берген Ербол Сарбасов, Асхат Рысбаевтармен бірге Достық, Новенький ауылының өрендерін боксқа баулып жүр. Осы күні Қазыбек Сейітқалиевтің Казталов ауданында еңбек етіп жүрген тағы бір шәкірті Алтай Бекмановпен хабарласып, ұстазы туралы сұрағанымызда ол бокс әліппесін ашқызып, тура жол көрсете білген ұстазына разы екенін айтты.

-Төртінші сыныпта оқып жүргенімде алғаш рет Қазыбек ағайдың қол астына келдім. Бапкерімнің арқасында облысымыздың барлық аудандарын аралап, жаңа достар таптым. Ресейдің Мәскеу, Петербор, Алғай сияқты қалаларына барып, өнер көрсеттім. Өмірден өз жолымды тауып, сүйікті ісіммен айналысуыма мүмкіндік берген бапкеріме алғыстан басқа айтарым жоқ,-дейді Казталов ауданының балаларын боксқа баулып жүрген Алтай Бекманов.

Енді бір шәкірті – Ербол Сарбасов та өзінің алғашқы бапкеріне деген құрметін жасырмайды.

-Шағын ғана ауылдан шығып, тырнақтай болса да жетістікке жеткен болсақ, оның барлығы Қазыбек бапкеріміздің арқасы. Оның үйреткен әр әдісі есімізде. Қазір өзіміз де шәкірт тәрбиелеп жүрген бапкер атансақ та, ақыл сұрап ағайымызға барамыз. Ол ешқашан ақылын аяған емес, қашан да дұрыс жол сілтеп, жөнін көрсетеді,-дейді бокс бапкері Ербол Сарбасов.

Жиырма жылдан астам уақыт бокс саласында қызмет атқарып жүрген Қазыбек Сейітқалиев әлі де өз сүйікті ісін тастау туралы ойламайды. Шәкірттерімен иық тірестіре жүріп, еңбек етуде. Қажет кезде білгенін үйретуді де ұмытпайды. Соңғы жылдары ауыл мектебінде орналасқан бокс залы босап, ол жерде жаттығу жасау мүмкін болмай қалған. Жергілікті өрендердің спортқа, соның ішінде боксқа деген құлшынысының қандай екенін білетін мектеп директоры Светлана Голубева спортшыларға қолдан келген барлық жағдайды жасаған.

Осы кезге дейін талай баланың бабын келістіріп, талай жастың бағын ашқан бапкер Достықтан бір емес, бірнеше әлем, олимпиада чемпионын шығарсам деген арманы жолында аянбай еңбек етуге дайын.

Түгелбай Бисен

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz