11.01.2022, 16:42
Қараулар: 20
Барыс жылы қазақ жанкүйерін немен қуантуы мүмкін?

Барыс жылы қазақ жанкүйерін немен қуантуы мүмкін?

Кезекті жыл аяқталып, ел өткенге салауат айтып, жаңа жылға жаңа үміт артуда. Спорт жанкүйерлері де Токио олимпиадасындағы сәтсіздікті ұмытып, табалдырықтан енген жылы олқылықтың орны толар деген үмітте жүр. Газетіміздің кезекті санының бір бетін спорт жанкүйерлеріне арнамақпыз. 2021 жылы қазақ спортында орын алған сәтсіздіктер мен қуаныштан бөркімізді аспанға аттырған жеңістерді саралап, 2022 жылдан не күтетінімізді бір болжап көрмекпіз.

Ел спортына жаны ашитын, қазақ спортына жанкүйерлік ететін кез келген адам 2021 жыл дегенде бірден футзал құрамамызды еске алары анық. Өйткені олар барша қазақстандықтарды біріктіріп, үлкен қуанышқа бөлей алды. Ал әлем чемпионатының жартылай финалындағы Дәурен Нұрғожиннің голы көпке дейін футзалсүйер жанның жадында болады. Ия, жеңіліп қалдық, қола да бұйырмады. Бірақ ешкім паркетте жанын беруге дайын болған футзалшыларымыз жігерсіз болды дей алмайды. Бір қуанарлығы – 2022-нің алғашқы ірі жарысын дәл осы футзалшыларымыз бастайды. Голландия алаңдарында өтетін кәрі құрлық жарысына Кака бастаған жігіттер басты фавориттердің бірі болып аттанады.

Тобымызда көптен бері жөнді футзал көрсетпеген Италия, күшейе бастаған Словения мен Финляндия құрамалары бар. Топтан шыққан жағдайда алғашқы қарсыласымыз да үздік құрамалар қатарынан бола қоймайды. Осы жарыс құрама сапындағы көп жігіттің соңғы турнирі болуы мүмкін, әсіресе бразилиялықтардың жасы келді.

Ия, желтоқсан айында Өзбекстан құрамасымен болған жолдастық кездесуде жеңіліс тапқан шақта көп жанкүйер «Құрамамыз Еурода ештеңе көрсете алмайды» деп қара аспанды төндірді. Бірақ ол ойындар үлкен жарысқа дайындықтың бір түрі екенін ұмытпаған жөн. «Барлық матчта жеңуіміз керек» деп жігіттердің жігерін құм етпеген де жөн-ақ. Кака бапкер қажетті шешім шығарып, қателіктерден сабақ алды деген ойдамыз. Еурода емес, осындай жолдастық кездесуде жеңілген дұрыс, шынтуайтқа келгенде. Тек Дәурен Нұрғожиннің жарақат алып қалғаны алаңдатады. Өйткені алаңға алтыншы ойыншыны шығарған кезде Дәурендей қорғаушының болғаны командаға ерекше серпін береді. Дәурен Тұрсағұлов пен Лео да бармай қалуы мүмкін деген сыбыстар да желдей ескен еді. Бірақ соңғы тізімде ол жігіттер құрама сапында бар болғаны алаңдаулы жанкүйердің жүрегін орнына түсірді. Тек ескі жарақаттары сыр бермесе болғаны.

Сөзің шыны керек, футзал – еліміздегі ең мықты әрі ешқашан ұятқа қалдырмаған командалық спорт түрі. Ал құрама әлемдегі үздіктер қатарына кіреді. Сол себепті де көпшілік алдағы Еуродан медаль күтеді. Ал ол алтын болса, сенсация емес, көп жылғы тынымсыз еңбектің жемісін көргеніміз.

Ал елімізде футзалдың антонимі – футбол. 2021 жылдан қазақ футболы дегенде мақтанатындай ештеңе таппаймыз. Тек Мәскеудің ЦСКА-сын өрге сүйреп жүрген Бахтиер Зайнудинов қана қазақ елінде футболдың бар екенін көрсететіндей. Өткен жылдың наурыз айында жарақат ап қалған жас талантымыз үшін өткен жыл расымен де қиын болды. Жанкүйерсымақтар Батеке құрамада ойнамас үшін әдейі жарақат ойлап тапты деген пікірлерін де білдіріп жатты. Бірақ тараздық жігіт бірте-бірте бабына еніп, хейтерлердің аузына құм құйды. Босния және Герцеговина құрамасының қақпасына соққан голы, одан кейінгі ЦСКА сапындағы ойындары талантты ойыншымыздың бабына енгенін көрсетті. 2022 жылы Зайнудинов құраманың үздік шабуылшылары тізіміне енуі әбден мүмкін. Одан бөлек, клубтық деңгейде де өзін жақсы қырынан көрсетеді деген үміт бар. Былтыр оған италиялық Аталанта қызығушылық танытқаны туралы сыбыс болған. Жаңа басталған жылда көп жанкүйер қазақ баласы үздік бес чемпионаттың бірінде доп тепсе екен деп армандайды. Ол үмітті тек Бахтиер Зайнудинов ақтауы мүмкін.

Қазақ үшін нөмірі бірінші спорт – бокс екені айдан анық. Шыны керек, Токио олимпиадасы боксшыларымызға үміт артқан, оларды бармай жатып чемпион қылған біраз адамды жерге түсірді. Тек Сәкен Бибосынов қана жаралы жанкүйер жүрегіне ем болғандай. Боксшыларымыз үшін 2022 жылдың басты додасы – қыркүйек айында өтетін Азиада. Сәкен ол жарысқа фавориттердің бірі ретінде барады. Теміртас Жүсіпов, Сабырхан Махмуд пен Серік Теміржанов та ол жарыста өздерін көрсетуі керек. Әйтпеске басқа амал жоқ. Ия, боксшыларымыздың әлем чемпионатындағыдай жарқ еткенін қалаймыз. Бірақ Токионың масқарасын Париж ғана жуып шаяды.

Енді кәсіпқой боксқа бет бұрсақ. Өткен жылы қазақ елінің үздік кәсіпқой боксшысы атағы Генадий Головкиннен Жәнібек Әлімханұлына өткені белгілі. Екі бірдей экс әлем чемпионын сұлатқан Жәнібекті 2022 жылы титулдық жекпе-жек күтіп тұр. Оның промоутеры Боб Арум да қаңтардың ортасында Жәнібектің қарсыласы анықталатынын айтса, WBO оны міндетті үміткерлер қатарына ресми түрде қосты. Түрлі форумдарда кей жанкүйер Жәнібекті титулдық жекпе-жекке ерте шығарды деген сынды пікірлер білдіріп жатты. Бірақ өз басым оның әлем чемпионы болатынына күмән келтірмеймін. Оның бапкері Бади Макгри де толық сенімді.

Біраз жан атақты Генадий Головкиннің өткен жылы бір де бір жекпе-жек өткізбегеніне алаңдаулы. Негізі тамыз айында бір, желтоқсанда бір жекпе-жек өткізуді жоспарлаған GGG біреуін де өткізбеді. Себеп көп.

Сәуірде 40 жасқа толатын чемпионымыз қалай да жапондық Риота Муратамен кездессе екен дейміз. Ал Канело – тек Головкиннің ғана емес, барша әлем жанкүйерлерінің арманы. Головкин-Канело триллогиясы болғанын көпшілік қалайды. Тек болмай қала ма деген қорқыныш басым.

Кәсіпқой бокстағы тағы бір үмітіміз – Данияр Елеусінов. Ия, оның ұтып алған титулының салмағы шамалы, десе де әлемдік рейтингте жоғарылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ оған жақсы американдық промоутер керек-ақ. Келер жылы жерлесіміз мықты жекпе-жектер өткізсе екен дейміз.

Ережесіз жекпе-жек түрлерінде де ел спортшылары таң қалдыруы мүмкін. Әсіресе Шафхад Рахмоновтың аяқ алысы жаман емес. Үздік промоушн саналатын UFS-де атой салып жүрген жігіт өткен жылы

бразилиялық қарсыласын қылғындырып тастап еді. Биыл ақпан айында Карстон Харрис атты жауынгермен жұдырықтасады. Жалпы өзінің соңғы 14 кездесуінің барлығын уақытынан бұрын аяқтаған Шафхад осы қарқынынан таймаса, қазақ жанкүйерінің сенімін ақтай түседі. Сонымен қатар Мария Агапова да бабында. Былтыр Сабина Мазоны сұлатқан Маша украиндық Марина Морозбен жолығады. Қарсыласы біздің қызды жерден ап, жерге салды. Тіпті нашақор деп те айыптады. Оған лайықты жауабын октогонда беремін деген Мария Агапова дайындығын бастап та кетті. Сондай-ақ былтырғы жылы Мұратбек Қасымбай атты тағы бір жігітіміз жарқ етті. ММА-де жүрген Мұратбек биыл да жанкүйер сүйсінер кездесулер өткізеді деген ойдамыз.

2022-нің басты додасы – Бейжіңдегі қысқы олимпиада ойындары. Жасыратыны жоқ, бұл жарысқа қазақ спортшылары турист ретінде барады. Екі медаль аламыз дегеннің өзі күлкілі естіледі. Үміт тек Юлия Галышева мен фристайл шебері Жанбота Алдабергеновада. Ия, шорт-трек бар, бірақ ол жақтағы жігіттер мен қыздар бірдеңе тындырады деу артық. Ванкувердегідей жолымыз боп, күміс алып жатсақ, қуанамыз. Бірақ ондай фарт бола бермейді.

Түгелбай Бисен

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz