26.04.2021, 17:05
Қараулар: 29
Бағдарлаушылар бабында

Бағдарлаушылар бабында

Орал қаласында «Орал саябақтары» атты саябақтағы спорттық бағдарлаудан қалалық ашық біріншілік өтті. Өңіріміздің үздік бағдарлаушы қыз-жігіттерінің басын қосқан байрақты бәсекеде бәйтеректік спортшылар да бақ сынады.

Екі күнге созылған жарыстың бірінші күні спортшылар орта қашықтықта жарыс жолына шықты. Қорытындысында 12 жасар қыздар арасында Яна Красникова, 14 жасар ұлдар арасында Нұржігіт Гиссадин үшінші орын иеленсе, Алина Лемешева 16 жасар қыздар арасында екінші сатыға жайғасты. Ал 12 жасар ұлдар арасында жарыс жолына шыққан Ернұр Серікқали, 18 жастағылар арасындабақ сынаған Ерасыл Серікұлы және 20 жастағы бағдарлаущылар сынында жарысқан Илья Козловский үштігі алдына жан салмай, жарыс жеңімпазы атанды.

Бәсекенің екінші күні бағдарлаушылар спринт қашықтығының медалдарын сарапқа салды. Бұл жарысқа ересектер арасында шыққан Естай Кеңгесбаев, 14 жасар спортшылар сынындағы Майя Үмбетәлиева мен 12 жастар ұлдар бәсекесінде көркін қыздырған Наил Сатыбаев үшінші орыннан көрінсе, Ернұр Серікқали екінші. Яна Красникова, Ерасыл Серікұлы және Илья Козловскийлер жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.

Балаларды аталмыш жарысқа дайындап алып барған Сергей Щербань және Сырым Бекешев атты бапкерлердің еңбегі орасаң. Қай жарысқа шықса да жүлдесіз қайтпайтын аудан спортшылары бұдан да биік белестерді бағындыруға әзір.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы