25.03.2021, 12:51
Қараулар: 37
Бәйтеректік футболшы құрама жеңісіне өз үлесін қосты

Бәйтеректік футболшы құрама жеңісіне өз үлесін қосты

Түркия елінде өтіп жатқан «Antalya Cup-2021» жолдастық турниріндегі жолын футболдан жастар құрамасы жеңіспен бастады. Қайрат Нұрдәулетовтың шәкірттері Солтүстік Македониядан келген құрдастарын 2-1 есебімен қапы қалдырды. Сағи Совет пен Абылайхан Жұмабектің голдарына қарсыластарымыз бір нәтижелі шабуылмен жауап берді.

Бұл жеңіске бәйтеректік жас талант Бекзат Иманғазиев те өз үлесін қосты. Есеп 2-1 болып тұрғанда алаңға бәйтеректік Бекзат Иманғазиев шықты. Жеңісті есепті ұстап қалуға бар күшін салды. Зеленыйлық өрен бірнеше мәрте қарсыластың айып алаңына әдемі пас шығарып, бір мәрте қақпаға соққы жасады.

-Ел жанкүйерлерін желпіндіріп, ортақ жеңіске өз үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Сенім білдірген бапкерлер штабына алғысым шексіз. Алдағы матчтарда да барымызды салатын боламыз,-дейді Б.Иманғазиев.

Бүгінде бәйтеректік футболшы Көкшетаудың «Оқжетпес» футбол клубында доп тебеді. Өзінің айтуынша, маусым соңына дейін көкшетаулық клуб сапында болады екен.

Айта кетейік, турнирдегі келесі ойынын жастарымыз 26 наурыз күні Болгария жастар құрамасына қарсы өткізеді.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы