26.04.2021, 17:11
Қараулар: 34
Бәйтерек футзалшылары күміс жүлдегер

Бәйтерек футзалшылары күміс жүлдегер

Батыс Қазақстан облысы футзал ассоциациясы шағын футболдан БҚО чемпионатының 2019-2020 және 2021 жылғы біріншіліктерін қорытындылады.

Пандемия кесірінен бұрнағы жылғы маусым жеңімпазы мен жүлдегерлері марапатталмай қалған болатын. Жуырда барлық футзалшылар өз жүлделерін алды. Өңірдің үздік ойыншыларының басы қосылған жарыста Бәйтерек ауданының намысын қорғаған «ДМБК-2» командасы ІІ лигада күміс жүлдегер атанған-ды. Күні кеше олар өздеріне тиесілі марапаттарына қол жеткізді.

Ал команданы алға сүйреп, үздік ойын өрнегін көрсеткен қақпашы Тимур Макаев чемпионаттың «Үздік қақпашысы» аталымын алса, команда жетекшісі Нұрбек Жанғалиев футзалдың дамуына қосқан жемісті еңбегі үшін БҚО футзал ассоциациясының алғыс хатына ие болды.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы