2.08.2021, 12:46
Қараулар: 50
Гір спортының шеберлері үздікті анықтады

Гір спортының шеберлері үздікті анықтады

Ауыл спортшыларының арасында өтетін «Ақ бидай» спартакиадасының облыстық кезеңдері басталды. Елде қалыптасқан жағдайға байланысты биыл спартакиада өзгеше форматта өтуде.

Төрт жылда бір келетін ауыл спортшыларының олимпиадасы бұрынғыдай емес, аймақ-аймаққа бөлініп,  әр сайыс өңіріміздің аудандары мен Орал қаласында ұйымдастырылуда. Алғаш болып спартакиаданың облыстық кезеңін гір тасын көтерушілер бастады. Әр ауданнан келген толағайлар жарысы «Ақжайық» стадионында өтті.  Жеті салмақ бойынша өткен бәсекеге Бәйтерек ауданы атынан Виктор Друзик, Иван Путилин, Аманжол Төлешқалиев, Қанат Хамидуллин, Юрий Макаров, Виталий Бырко және Расул Төлеуов сынды спортшылар қатысты. Тау көтерген толағайлар жарысының қорытындысында 95 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Расул Төлеуов пен 95 келіде бақ сынаған Виталий Бырко екінші орын иеленсе, 63 келіде бақ сынаған Виктор Друзик спартакиада чемпионы атанды.
-Гір спорты ауданда жақсы дамыған. Спортшыларымыздың көрсеткіштері жаман емес. Алдағы уақытта бұдан да биік көрсеткішке қол жеткізуге тырысамыз,-дейді «Бәйтерек» спорт клубының басшысы Максим Үмбетқалиев.
Ал жалпыкомандалық есепте Казталов спортшылары — бірінші, Бөрлі спортшылары екінші орын иеленсе, Бәйтерек ауданының намысын қорғаған гір спортының майталмандары үшінші орынға табан тіреді.

Түгелбай БИСЕН