25.03.2021, 9:45
Қараулар: 31
Ерасыл екі дүркін ел чемпионы

Ерасыл екі дүркін ел чемпионы

Наурыздың 18 мен 22 аралығында Ақмола облысы Щучинск қаласында шаңғымен спорттық бағдарлаудан Қазақстан  Республикасының чемпионаты өтті.
Жарысқа Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Шығыс, Батыс,  Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Ақмола, Жамбыл облыстарынан келген 140 спортшы қатысты. Командалар «Орта», «Ұзақ», «Спринт» және «Жалпы старт» қашықтығы бойынша сынға түсті.
Аталмыш чемпионатқа облыс құрамасы сапында барған бәйтеректік қос спортшы жоғары нәтижеге қол жеткізді.
Осы кезге дейін біраз байрақты бәсекенің бас бәйгесін бермеген янайкиндік Ерасыл Серікұлы өзі жасар бағдарлаушылар арасындағы сынның орта қашықтығында үшінші орын иеленсе, ұзақ және жалпы старт сатыларында алдына жан салмай, екі мәрте ел чемпионы атанды.
Бұдан бөлек, осы жарыста бақ сынаған переметныйлық Естай Кенгесбаев 20 жасар спортшылар арасындағы бәсекенің спринт қашықтығында қола медальге ие болды.
Сондай-ақ қыздар арасында жарыс жолына шыққан Алина Лемешева мен Майя
Умбеталиева да жақсы өнер көрсеткен.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы.

Сурет және ақпарат @bqosport инстаграм парақшасынан алынды