23.08.2021, 10:44
Қараулар: 33
Жарыстың жүйріктері тағы да алда

Жарыстың жүйріктері тағы да алда

Орал қаласындағы Петр Атоян атындағы стадионда ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен конституция күніне орай оқушылар мен жастар және денсаулық клубтары арасында жүгіру фестивалі өтті.

Салауатты өмір салтын қалыптастырып, жастар арасында жеңіл атлетиканы насихаттау мақсатында оздырылған спорттық додаға облыс орталығы мен алыс-жақын аудандардан келген жел аяқтар қатысты.

Аталмыш фестивалді облыстық спорт басқармасы мен «Uralsk Runners» әуесқой жүгірушілер клубы ұйымдастырды.

Қандай бәйге болса да қалмайтын бәйтеректік жеңіл атлеттер бұл жарыстың да көркін қыздырды. Негізінен Январцев ауылында Жарас Айтуаровтың қол астында жаттығатын спортшылар барды фестивалге.

Қорытындысында 5000 метрге жүгірген жеаяқтар бәсекесінде Жарас Айтуаров алдына жан салмаса, оның шәкірті Ляззат Төлепбергенова 3000 метр қашықтықта жеңімпаз атанды. Осы қашықтықта бақ сынаған тағы бір январцевтық ару Дамира Ерсайынова екінші орын иеленді.

Бұдан бөлек Бәйтерек ауданының жеңіл атлеттері командалық эстафетада да жарыс жолына шығып, жеңімпаз атанды.

-Жеңіл атлетика ауданда жақсы дамып келеді. Әсіресе, Январцев ауылы спортшыларының көрсеткіштері тамаша. Өсіп келе жатқан жастар да бар. Осы қарқыннан таймаса, аудан жеңіл атлеттері талай шыңды бағындырады,-дейді Бәйтерек спорт клубының басшысы Максим Үмбетқалиев.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы