31.05.2021, 10:56
Қараулар: 53
Жастар достығы жасасын

Жастар достығы жасасын

Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Жастар туриадасы-2021» ойындары мәреге жетті.

Ауыл жастарының жетекшілері мен мекеме ұжымындағы жастардан құралған 8 команда спорттық бағдарлау, туртехника, тоғызқұмалақ, ләңгі тебу, арқан тарту, квест ойындары арқылы өзара сынға түсті.

Жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, ішкі туризмді дамыту, округтер арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту, ел ішіндегі талантты жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету мақсатында оздырылған спорттық сайыс қызыққа толы болды.

Жастардың басын біріктірген спрттық шараны тамашалауға аудан әкімі Марат Тоқжанов арнайы келді.

— ХХІ ғасырға нық қадам жасай кірген еліміздің болашағы сіздердей жастардың қолында. Жастар арқылы елдегі жасалып жатқан және жасалатын істер жалғасын табады. Мәңгілік ел болуда қолға алынған игі істерді жалғайтын да өздеріңдей жастар. Пандемия салдарынан үзіліп қалған дәстүрлі туриаданың қайта жалғасуы — жақсылықтың нышаны. Достықтарыңыз берік, бірлігіміз бен татулығымыз мәңгі болсын,-деді аудан басшысы Марат Тоқжанов.

Тартысты өткен туриада ойынында жастар «Аспалы өткел», «Маятник», «Гусиница», «Чащоба» сияқты туристтік жарыстарда сынға түсті. Қорытындысында «Алаш» тобы бірінші, «Жеңімпаз» тобы екінші, «Жиһанкез» тобы үшінші орыннан көрінді. Барлық қатысушылар мен жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды.

Арал БОЛПЫШҰЛЫ,

Бәйтерек ауданы