7.07.2021, 10:02
Қараулар: 13
Желаяқтар алдына жан салмады

Желаяқтар алдына жан салмады

Жеңіл атлетика, соның ішінде жүгіру спортын кеңінен насихаттау мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген шаралар ұйымдастырылуда. Жуырда Казталов ауданында «Казталов марафон 2021» атты желаяқтар жарысы өтті.
Өңіріміздің үздік жеңіл атлеттерінің басын қосқан байрақты бәсекеде аудан спортшылары да бақтарын сынады. Аты көпке мәшһүр спортшы әрі бапкер Жарас Айтуаров бастап барған январцевтық жеңіл атлеттер нәтижесі де көңіл қуантады.
Жарыс ережесі бойынша ерлер 21,1 шақырымда жарысса, бұрымдылар 10 шақырымды еңсерді. Қорытындысында Жарас Айтуаров ерлер бәсекесінің бас жүлдесін қанжығасына басты. Күні кеше ел кубогінің күміс жүлдегері атанған спортшы бабында жүргенін тағы бір дәлелдеді.
Ал қыздар арасындағы сынға келер болсақ, мұндағы нәтиже тіптен керемет. 10 шақырымға созылған бәсекенің бас жүлдесін январцевтық өрен Наталья Панова еншілесе, оның командалас құрбысы Виктория Глотова – екінші, тағы бір Январцев ауылының тумасы Ляззат Төлепбергенова үшінші орынды иеленді.
-Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жеңіл атлеттерге қолдауын көрсетіп, қызықты бәсеке өткізген казталовтық спорт жанашырларына ризашылығымыз шексіз. Ал жарыс жолына шығып, барлық жүлдені иеленген қыздарымның жетістігі тіптен керемет. Аудан әкімдігі мен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне де алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Біраз уақыт оқу-жаттығу жиынын өткізуге мүмкіндік берген аудан атқамінерлеріне рахмет. Алдымызға үлкен мақсат қойдық. Соған жетуге тырысатын боламыз,-дейді бапкер Жарас Айтуаров.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы