24.05.2021, 15:55
Қараулар: 23
Желаяқтар бәсекесі

Желаяқтар бәсекесі

Бәйтерек ауданы әкімдігі мен «Uralsk Runners» жүгірушілер клубы ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Январцев ауылында трейлингтік жарыс ұйымдастырды. Белгілі бапкер, жеңіл атлет Жарас Айтуаровтың ұйытқы болуымен жүзеге асқан желаяқтар бәсекесіне өңіріміз бен көршілес Атырау облысының спортшылар жиналды.

Облысымызда алғаш ұйымдастырылған аталмыш жарысты тамашалауға аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов, «Бәйтерек» спорт клубының директоры Максим Үмбетқалиев, облыстық жеңіл атлетика федерациясының президенті Тимур Жукушев және ауыл тұрғындары келді.

-Ауданда ғана емес, облысымызда алғаш ұйымдастырылған жеңіл атлеттер жарысы жас өрендеріміздің салауаттылыққа деген қызығушылығын арттырып, бұқаралық спортты дамытуға өз септігін тигізеді деген ойдамын. Жарыс өткізуге мұрындық болған ұйымдастырушыларға аудан әкімінің атынан алғыс білдіремін. Бабы мен бағы келіскен шын мықты жеңіске жетсін,-деді бәсекенің ашылу салтанатында Р.Ихласов.

Кейін «Uralsk Runners» клубының мүшесі Рустам Беркалиев сөз алып, аудан әкімдігі мен шара ұйымдастырушыларына және спортшыларға ризашылығын білдірді. Сондай-ақ Максим Үмбетқалиев, атыраулық спортшылар Дәуір Жоламан мен Нұрғали Қалиев те жүрекжарды лебіздерін білдірді.

-Бір кездері осындай жарыстарға жүздеген спортшы қатысатын еді. Сол дәстүр үзілгенімен осы күні қайта жандана бастады. Спортты соның ішінде жеңіл атлетиканы дамытуға күш салып жүрген азаматтарымыз аман болсын. әр ауыл, аудан, қалада спортшылар көбее берсін,-деді өз сөзінде жарыстың бас төрешісі Сергей Скакунов.

10 шақырымға созылған шағын марафон бәсекеге толы болды. Жарыстың басты фавориттері саналған казталовтық Баубек Ильясов, январцевтың Жарас Айтуаров пен Атырау қаласынан арнайы келген Дәуір Жоламан суырылып алға шықты. Дистанция басынан соңына дейін бәйгенің алдын бермеген үштік соңына дейін қапталдасып отырды. Тек соңғы шақырымда атыраулық желаяқты артқа тастаған Баубек пен Жарас бас бәйге үшін таласқанымен мықтыны анықтай алмай, мәре сызығынан қатар өтіп,

бірінші орынды бөлісті. Екінші орын Дәуір Жоламанға бұйырса, үшінші болып мәре сызығын Архат Есенғалиев кесті.

-Жарыс жолы қиын болғанымен тамаша табиғат аясында жүгіру ауыр болмады. Бұндай жарыстар көп болса, спортымыз дамып, жастарымыз да жеңіл атлетикаға қызығушылық танытар еді. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз,-дейді екінші орын иегері атыраулық Дәуір Жоламан.

Ерлермен қатар қыздар да жарыс жолына шықты. Қорытындысында нәзік жандылар арасында үшінші орын Александра Елееваға, екінші орын Дарья Авдееваға бұйырса, бірінші орынды январцевтың жас спортшы Наталья Панова жеңіп алды.

Жас болғанына қарамастан талай бәсекенің көркін қыздырып жүрген Январцев ауылының спортшысы алдына үлкен мақсат қойған. Болашақта әлемдік додаларда ел намысын қорғамақ ниеті барын жасырмайды.

-Немерем осы кезге дейін Орал қаласы мен еліміздің басқа өңірлерінде өнер көрсететін. Біз үйде отырып, жанкүйер болатын едік. Бүгін оның өнерін өз көзіммен көрудің сәті түсті. Қызымды спортқа баулып, өмірден өз орын табуға көмек көрсетіп жүрген бапкері Жарас Мұқанұлына алғысым шексіз,-дейді Наталья Панованың әжесі Вера Константиновна.

Жарысты тамашалауға арнайы келген облыстық жеңіл атлетика федерациясының президенті Тимур Жукушев алғаш рет Бәйтерек ауданында ұйымдастырылған жарыс жоғары деңгейде өткенін айтады. Сөзінше, осы бәсеке өңірде трейлді жарыстарды өткізуге болатынын көрсетіпті. Болашақта аудан орталығы Переметный ауылында да қызықты бәсеке өткізу жоспары бар екенін де жеткізді.

-Алдағы уақытта балалар жарысын өткіземіз. Ол мәселе шешілді. Сондай-ақ Бөкей Ордасы ауданында да трейлді жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Спортшылар үшін де ұйымдастырушылар үшін де Орда топырағындағы жарыс қызықты әрі қиын болады,-дейді облыстық жеңіл атлетика федерациясының президенті Т.Жукушев.

Облысымызда алғаш рет өткізілген жарыс қызықты өтті. Жеңіл атлеттердің тартысы мен спорттың небір сиқырына куә болған жастардың қызығушылығы артып, ауданымыздан талай спортшы шығады деген сенімдеміз.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы

Нұрғали Қалиев жарысқа қатысушы, Атырау қаласы

-1995 жылдан бері жеңіл атлетикамен тұрақты түрде айналысамын. Осынау тамаша жарыс болады дегенді естіп Атырау қаласынан арнайы келдім. Табиғат тамаша, жарыс жолы да жоғары деңгейде дайындалған. Әсіресе, жастардың көп боғаны қуантады. Ел спорты дами берсін.