29.01.2021, 11:44
Қараулар: 155
Жерге қаратпады

Жерге қаратпады

Жуырда Орал қаласында шаңғы және спорттық бағдарлаудан Орал қаласының ашық біріншілігі ұйымдастырылды. Облыс аудандары мен Орал қаласынан 100-ден астам спортшы қатысқан жарыста Бәйтерек ауданының спортшылары да бақ сынап, жақсы нәтиже көрсетті. Балалар мен жастар және ересек спортшылар жарысқан бәсеке жеті жас ерекшелігі бойынша өтті. Сайыстар барлық санитарлық талаптардың қатаң сақталуымен оздырылды.

Жарыстың бірінші күні спортшылар шаңғы жарысында сынға түсті. Алдымен жарыс жолына 12 жасар ұлдар мен қыздар шықты. Қорытындысында бәйтеректік Зарина Габдушева бірінші орын иеленсе, Снежана Буштер екінші орынға табан тіреді. Ал осы жастағы ер балалар бәсекесінде Наил Сатыбаев екінші, Әбдісәләм Нұрлан үшінші нәтиже көрсетті. Бұдан бөлек 14 жастағы шаңғышылар сынында Майя Үмбеталиева алдына жан салмай қыздар бәсекесінде жеңімпаз атанса, Данат Мусалимов үшінші орынға табан тіреді. 16 жастағылар сынында да аудан спортшылары жерге қаратпады. Өз қатарластарының алды болған Алина Лемешева бірінші, Ерасыл Серікұлы екінші орын иеленді. Ал 18 жасар спортшылар сынында Илья Козловский чемпион атанса, ересектер бәсекесінде Нұркен Қасымов үшінші нәтиже көрсетті.

Жарыстың екінші күні спортшылар шаңғымен бағдарлауға шықты. Алдымен спринт жарысына шыққан Снежана Буштер, Алина Лемешева, Ерасыл Серікұлы және Илья Козловский сынды спортшылар бірінші орыннан көрінсе, Наил Сатыбаев пен Майя Үмбетәлиева екінші, Естай Кенгесбаев, Нұржігіт Ғайседен, Ернұр Серікқали үшінші орынға табан тіреді. Сондай-ақ орта қашықтықта да аудан спортшылары жаман нәтиже көрсетпеді.

-Біраздан бері ресми жарыстар өтпеді. Сол себепті кей спортшыларымыздың бабы келіспей тұрғанын байқадық. Десе де жалпыкомандалық екінші орын – біз үшін жетістік. Шәкірттерімнің қандай қателік жібергендерін көрдім. Алдағы жаттығу жұмыстары кезінде оларды түзейтін боламыз,-дейді бапкер Серік Хайруллин.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы