7.06.2021, 11:39
Қараулар: 71
Казталовтан бас жүлдемен

Казталовтан бас жүлдемен

Казталов ауданында 2006 жылғы түлектердің мектеп бітіруіне 15 жыл толуына және Тоясов Хасен Маратұлын еске алуға арналған шағын футболдан ашық турнир өтті. Өңіріміздің үздік 12 командасы бақ сынаған аяқдоп аламанында Бәйтерек ауданының футболшылары да өнер көрсетті.
Алдымен топтық кезең, кейін жарылай финал матчтарында да қарсыластарының апшысын қуырған бәйтеректік аяқдопшылар финалдық бәсекеде «Қабыршақты» командасымен күш сынасты.
Мықты қарсыласқа қарсы күшті ойын көрсеткен Бәйтерек ауданының ойыншылары бәсекелестің әр шабуылын сәтті тоқтатып, өздері де қарымтасын қайтарып отырды. Қақпада Тимур Макаев белсенді өнер көрсетсе, Евгений Ищенко, Абай Батырбеков, Арман Мұрат сынды қорғаушылар «Қабыршақты» шабуылын тойтарып отырды. Ал команда ойынын үйлестіруші Асхат Мәжит Мұрат Баубеков, Нұрбек Жангалиев сияқты шабуылшыларды әдемі пастарымен қақпаға бағыттап отырды. Сауатты ойынның арқасында бәйтеректік футболшылар турнир жеңімпазы атанды.
Жарыс бойы тамаша ойын көрсеткен Арман Мұрат «Үздік шабуылшы» аталымын иеленсе, команда көшбасшысы Асхат Мәжит «Үздік ойыншы» атанды.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы

Суреттерді түсірген Мерхат ИБАТОВ