22.02.2021, 14:54
Қараулар: 87
Көпшілік шаңғы тебуге белсенді қатысты

Көпшілік шаңғы тебуге белсенді қатысты

Орал қаласында ұйымдастырылған көпшілік шаңғы тебу жарысына аудан әкімінің орынбасары, БҚО шаңғы жарысы федерациясының президенті Ерікқали Бисақаев бастаған бәйтеректік спортшылар да белсенді қатысты.

Биылдыққа екінші мәрте өткізілген көпшілік шаңғы тебу фестивалін өткізген облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының мамандары шараның ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне арналғанын айтты. Шаңғы тебу жарысына облыс әкімі Ғали Есқалиев, спорт ардагерлері мен сала мамандары және спортшылар қатысты.

-Дені саудың жаны сау. Спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстанған тұрғындардың көп болғаны ұлт саулығын қалыптастыруға өз септігін тигізеді. Күннің суығы мен жолдың алыстығына қарамай келген әр спортшыға ризашылығым шексі,-деді Ғ. Есқалиев.

100-ге жуық шаңғышы атсалысқан көпшілік шара екі кезеңнен тұрды. Алғашқы болып жарыс жолына жастар шықты. Кейін өңір басшысы мен спорт ардагерлері шаңғы жолына түсті. Ұзағы — 6, жақыны 3 шақырымды бағындырған шаңғысүйерлердің ең жасы небары төрт жаста болса, ең үлкені 70-ті алқындапты.

Шараға Бәйтерек ауданынан арнайы барған спортшылар қысқы спорт түрлерін дамыту үшін осындай жарысты көптеп өткізген дұрыс екенін айтады.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы