15.07.2021, 10:05
Қараулар: 53
Мичурин аудан үздігі

Мичурин аудан үздігі

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай өткізілген аудан спартакиадасының волейбол жарысы өз мәресіне жетті. Әуе доп сайысының финалдық ойындарына осыған дейінгі іріктеу кезеңдерінде үздік деп танылған жеті команда қатысты.

-Волейбол ойыны жақсы жолға қойылған. Жыл сайын аудан спортшылар өз нәтижелерімен қуантып келеді. Командалар сапында жастардың көп болғаны да жақсы. Бүгінде басты міндеттеріміздің бірі салауатты өмір салтын ұстанып, спортты насихаттайтын жандардың санын көбейту. Ал ең қолжетімді әрі көрермені көп командалық ойындардың бірі волейбол. Соңғы жылдары пандемия кесірінен жарыстар өтпей қалғаны белгілі. Соған қарамастан бабын жоғалтпай, шеберлігін шыңдай білген спортшыларға ризашылығым шексіз. Барлығыңызға алдағы жарыстарда жеңіс тілеймін,-деді ойындарды тамашалауға арнайы келген аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақев.

Сондай-ақ ол соңғы уақытта ауданда спорт нысандары жөнделіп, түрлі кешендер де бой көтеріп жатқанын да сөз болды. Белгілі кәсіпкер әрі меценат Бейбіт Асанов Погодаев ауылында тамаша спорт кешенін тұрғызғанын және Январцев ауылында да спорт кешенінің іргетасы қаланатынын. Сонымен қатар Дариян ауылына барлық жаңа заман талаптарына сай келетін спорт кешенін салу жоспары бар екенін де аудан әкімінің орынбасары өз сөзінде атап өтті.

Сен тұр мен атайын дейтін жігіттерді құрамына қосқан командалардың тартысты ойындары көрермен көңілінен шықты. Екі топ қа бөлінген ұжымдар алдымен жартылай финал жолдамаларын сарапқа салды. қорытындысында үздік шыққан Дариян, Мичурин, Янайкин және Зеленый ауылдық округтерінің жігіттері спартакиада медальдарын сарпқа салды. алғашқы жартылай финалық жұпты құраған Янайкин мен Дариян волейболшыларының ойынында янайкиндіктер үздік шықса, Мичурин мен Зеленый матчы мичуриндік жігіттердің пайдасына аяқталды. Осылайша жартылай финалда сүрінген қос ұжым жарыстың қола жүлдесін сарапқа салды. Үш партияға созылған ойын нәтижесі Зеленый командасының пайдасына шешілді. Ал финалдық ойында жолдары түйіскен Янайкин мен Мичурин командаларының арасындағы ойында Мичурун округінің командасы жеңіс тойын тойлады.

Бұдан бөлек үздік ойын көрсетіп, командасын алға сүйреген ойыншылар да марапатталды. Зеленыйлық Ерназар Жасталап «Үздік қорғаушы», дарияндық Тимур Давлетов «Үздік тостауыл қоюшы», Переметный командасын алға сүйреген Исатай Берекетов «Үздік шабуылы», янайкиндік Павел Аристанов «Үздік байланыстырушы» аталымдарын иеленсе, мичурин командасының лидері Рысбек Сағынов жарыстың «:Үздік ойыншысы» атанды.

Жеңімпаз бен жүлдегерлер және түрлі аталымда үздік деп танылған спортшыларды аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев марапаттады.

Енді мықты волейболшылар іріктеліп, облыстық спартакиадада аудан намысын қорғайтын болады.

Түгелбай БИСЕН,

Бәйтерек ауданы