16.04.2021, 10:19
Қараулар: 46
Назар ел чемпионы

Назар ел чемпионы

Жуырда Атырау қаласында 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Аталмыш бәсекеде өңір боксшылары тамаша нәтиже көрсетіп, екі алтын, бір күміс және екі қола медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте бесінші орынға тұрақтады.

Облыс боксы үшін сенсация саналған жетістікке жетуге Бәйтерек ауданының жас былғары қолғап шеберлері де өз үлесін қосты. Атырау шаршы алаңының шаңын қағып, қарсыластарын қоғадай жапырған Достық мектебінің оқушысы Назар Жүсіп, 54 келі салмақ дәредесінде чемпион атанды.

Білікті бапкер Асхат Рыспаевтың қол астында жаттығатын Назар жекпе-жек спорт мектебінің оқушысы саналғанымен Достық ауылында жаттығады.

— Назардың бокспен айналысып жүргеніне төрт жыл болды. Ел біріншілігіндегі жеңісі әзірге жеткен ең үлкен жетістігі. Алдағы уақытта бұдан да биік белестерді бағындыру үшін жұмыстанатын боламыз,-дейді бапкер Асхат Рыспаев.

Айта кетейік ауданда осы кезге дейін ел чемпионатының жүлдегерлері болғанымен чемпионы шықпаған еді. Сол бір олқылықтың орынын Назар толтырып отыр. Енді Достықтан тағы да чемпиондар шығады деген үміт бар.

Түгелбай БИСЕН