23.07.2021, 14:57
Қараулар: 55
Олимпиада. Басты үміт бокста. Дегенменен…

Олимпиада. Басты үміт бокста. Дегенменен…

Кешігіп болса да төртжылдықтың басты спорт бәсекесі басталды. Баласы атқа мінсе, үйде отырып анасы тақым қысады дегендей, ел намысын арқалап кеткен оғландардың тілеуін тілеуші ағайын да Токиодан не бұйырар екен деп елеңдеп отырады.

Тәуелсіздік алғалы қатысқан барлық олимпиада қазақ спортшылары үшін сәтсіз болды дей алмаймыз. Ия, бірінде медальдан тау тұрғызсақ, енді бірде әттеген-ай деп жаттық. Десе де спортшыларымыз үшін ұялған кезіміз болмады. Әсіресе боксшыларымыз жерге қаратып көрмеді. Әрісі – Василий Жиров, берісі – Данияр Елеусінов. Барлығы да қазақ бокс мектебінің деңгейін көрсетіп жүрді. Ал биыл өтетін додада былғары қолғап киген жігіттеріміз қуанта ала ма? Құраманың қай боксшысының жүлде алу мүмкіндігі қандай? Жігіттеріміздің басты қарсыластары кім? Соны бір шолып өтсек.

Шынын айту керек, соңғы Азия чемпионатынан кейін боксшыларымызға деген сенім түсіп кетті. Оның үстіне төрешілер де қазақ боксшыларына жылы қабақ таныта бермейтінін де көрдік. Бірақ шын мықтыға тұсау жоқ. Енді ел намысын арқалап шығысқа аттанған кімдер, соған тоқталсақ.

Ең жеңіл салмақта қазақ елінің атынан Сәкен Бибосынов шаршы алаңға шығады. Соңғы әлем және Азия чемпионаттарының қола жүлдесін иеленген Сәкен екі жарыста да ол үндістандық Амид Пангалға есе жіберді. Жерлесімізді екі ірі додада қапы қалдырған Үндіс жігіті Токио олимпиадасының фавориттерінің бірі. Сондай-ақ Өзбек елінің боксшысы, олимпиада чемпионы Шахабоддин Заиров та алтыннан басқа медальді місе тұтпасы анық. Бокс мамандары да, жанкүйерлер де негізгі тартыс өзбек пен үндіс арасында болады деген болжам айтуда. Ал жеребе жолдас болса, Сәкен қола алуы мүмкін. Бұл салмақта біздің ел сонау екі мыңыншы жылы олимпиаданың күмісін иеленген болатын. Ол медальдің иесі – Болат Жұмаділов. Сәкен боксшы Болат ағасының жетістігін қайталап жатса да қуаныш болар еді.

Ал 57 келі салмақ дәрежесінде ел намысын павлодарлық Серік Теміржанов қорғайды. Соңғы Азия біріншілігінде алысқа шаппаған Серік бар күшін олимпиадаға салады деген сенімдеміз. Оның үстіне Азиядағы төрешіліктің қандай болғанын көпшілік ұмыта қоймады. Сондықтан Серік өз

репутациясы және абыройы үшін барын салғаны жөн. Бұл салмақтың басты фавориттері – кубалық Л.Альварес пен өзбек М.Мырзахалилов.

Тарихқа көз жүгіртсек қазақ елі бұл салмақта бір олимпиада алтынын иеленген. Бірақ оның салмағы дардай. Өйткені 57 келінің басты жүлдесін Бекзат Саттарханов алып берді.

Ал 63 келіге дейінгі салмақта 35 жастағы Закир Сафиуллин лицензия жеңіп алды. Екі мәрте Азия чемпионатында күміс еншілеген тәжірибелі жігіт олимпиада ойындарына алғаш қатысуда. Оның басты қарсыласы – кубалық Энди Круз. Дәл осы Круз 2019 жылғы әлем біріншілігінде Закирдің жолын кесіп кеткен еді. Олимпиада ойындарында да Энди ешкімді аямасы анық. Шыны керек, Закир үшін Токио ойындары соңғы ірі жарыс болатындай. Біраз жасқа келсе де мойымаған жігітіміз соңғы турнирін тамаша жеңіспен аяқтаса екен дейміз. Ең болмағанда 2004 жылы осы салмақта өнер көрсеткен Серік Елеуовтің жетістігін қайталаса екен.

Бахтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаев, Серік Сәпиев, Данияр Елеусінов. Бұл есімдерді естігенде бірден 69 келі дегің келеді. Өйткені сонау 2004 жылдан бері бұл салмақтың алтынын қазақ жігіттері ешкімге беретін емес. Жоғарыда аты аталған ағаларының жанына Абылайхан Жүсіповтің де қосылғысы келетіні анық. Бірақ оңай болмайды. Оның үстіне қазақ салмағы аталып кеткен 69 келіде өнер көрсететін боксшы тек физикалық қана емес, моральды тұрғыда да мықты дайын болуы керек. Бұл салмақта шаршы алаңға шығатын Абылайханның ішіндегі дүлейді ойлаудың өзі қорқынышты. Оның үстіне Риодағы Данияр немесе Лондондағы Серік сияқты Абылайхан фаворит қатарында емес. Ия, ол өзінің екінші олимпиадасына қатысып жатыр. Бірақ осы кезге дейінгі бар жетістігі – Азия чемпионатының финалы мен әлем чемпионатының қоласы. Оның басты қарсыласы ресейлік Андрей Замковой, өзбек Бабоусмон Батыров және ағылшын Пэт Маккормак болады. Алаңдататыны, бұл үш боксшыға Абылайхан есе жіберді. Ең бастысы ел сенімін ақтаймын деп жүрген Жүсіпов күйіп кетпесе болды.

75 келінің басты фавориті украиндық Александр Хижняк. Бұл салмақта ел атынан Әбілхан Аманқұл аттанды Токиоға. Әбілхан Хижнякпен 2016 жылы кездесіп, ұтылып қалды. Көпке дейін жарақаты салдарынан құрамаға іліге алмаған Аманқұлдың немересі Тұрсынбай Құлахметке орын берген еді. Бірақ соңғы кездері бабына енді. Сол табандылығын олимпиадада көрсете алса, Әбілхан медаль алары сөзсіз. Жанкүйер жүрек финалда украин мен қазақ боксшысы шықса деп соққанымен, атақты Мэнни Пакьяоның өзі қанатының астына алған филлипиндік Эумир Марсиальдың бар екені де

алаңдатады. Одан бөлек ресейлік Глеб Бакши мен 64 келіде олимпиада шыңын бағындырған Куба тарланы Рониель Эглесиас та мамандардың жақсы бағасын алып жүр. Әбілхан Аманқұл осы салмақта олимпиада медалін Геннадий Головкин алғанын да естен шығармаса екен дейміз. Атағынан ат үркетін жерлесінің жетістігінен асып түсіп жатса, Аманқұлдың абыройы арта түсері сөзсіз.

Жай медаль емес, алтын алды деген үмітті бізге 81 келіде бокстасатын Бекзат Нұрдәулетов сыйлап отыр. Маңғыстаулық маңғаз боксшы құрамадағы жалғыз әлем чемпионы. Оның 2019 жылғы сенсациясы әлі көпшілік есінде. Сол бабынан таймаса, Бекзат біразға барады. Оның басты қарсыласы – Рио олимпиадасында 75 келі салмақта чемпион атанған Арлен Лопес. Алаңдататыны соңғы Азия чемпионатындағы жағдайы. Алғашқы кездесуінде жеңілген Нұрдәулетов сары құрлық жарысындағы қателіктерден сабақ алды деген үміттеміз.

81 келіде біздің ел боксшылары олимпиада алтынын да, қоласы мен күмісін де иеленген. 1996 жылы Василий Жиров чемпион атанса, Бейжіңде Еркебұлан Шыналиев – қола, Рио мен Лондонда Әділбек Ниязымбетов күміс еншіледі. Алдыңғы буын ағаларының ерлігі Бекзатқа қосымша күш берері сөзсіз.

91 келіге келер болсақ. Бұл салмақты да бапкерлер ардагер боксшыға сеніп тапсырды. Василий Левит Риодан алтынмен оралуы керек болған. Бірақ төрешілер мен Евгений Тищенко оған бөгет болды. Содан бері 91 келіге келгенде орыс пен қазақ жанкүйерлері қырық пышақ. 33 жасқа келген Василий соңғы ірі жарысында барын салуы керек. Оның үстіне Бразилия астанасындағы дауға нүкте қойғысы да келетін болар. Басты қарсыласы – Әділбек Ниязымбетовты армансыз сабап, Бекзат Нұрдәулетовтен таяқ жеген Хулио Сезар ла Круз бен ресейлік әлем чемпионы Мусли Гаджимугамедов. Сондай-ақ соңғы әлем чемпионатының жартылай финалында Левитті сан соқтырған эквадорлық Хулио Кастилья да Токиода өнер көрсететін болады. Десе де, Василийдің ең басты қарсыласы өзі болады. Осы кезге дейін жеңістің тәттісін де, жеңілістің ащысын да, әділетсіздікті де көрген ол Токиодан алтын алып, әдемі мансабына тәп-тәуір нүкте қойса екен. Төрешілер де Васяны мазақ етуін тоқтатса деген үміт бар.

Бұл салмақта еліміз олимпиадада тек бір ғана күміс иеленді. Оның иегері – Левиттің өзі.

Аса ауыр салмақта олимпиада ойындарында ел намысын Қамшыбек Қоңқабаев қорғайтын болады. Қызылордалық боксшының жүлдеге таласары сөзсіз. Мамандар бұл салмақта өзбек Баходир Джалолов пен Қамшыбек финалға жете алмаса үлкен сенсация болатынын айтады. Өкініштісі, Қоңқабаев әлем және Азия чемпионатының финалында өзбекке есе жіберді. Бұл екеуінің арасындағы үш кездесудің біреуінде ғана Қамшыбек жеңіске жетті. Статистика Джалоловтың жағында. Токиода бұл екеуі финалда ғана жолығуы мүмкін. Қазақ пен өзбекке аса ауыр салмақта тең келер боксшы жоқтың қасы. Соңғы әлем чемпионатының жүлдегерлері аустралиялық Джастин Хани мен ресейлік Максим Бабанин олимпиадаға іріктеле алмады. Басқа бір ірі денелі боксшы сенсация жасап жатса, таң қалудың қажеті жоқ. Бұл салмақта біздің елге Сидней олимпиадасында Мұхтархан Ділдабеков күміс сыйласа, Иван Дычко екі рет қола әкелді. Қоңқабаев алтын ала алады ма? Сол қызық.

Соңғы Азия чемпионатында қарсылас шақ келтірмеген қыздарымыздың ешқайсысы олимпиада шаршы алаңын көре алмайды. Мүмкін болған бес салмақтың тек біреуінде ғана қазақ қызы өнер көрсетеді. Ол – 75 келі салмақта шаршы алаңға шығатын қостанайлық Надежда Рябец. Қарсыластары кіл мықтылар, соңғы олимпиада финалисті нидерландтық Нушка Фонтейн мен әлем чемпионы Уэлс қызы Лоррен Прайс басты фавориттер саналады. Одан бөлек ресейлік Земфира Магамедалива, панамалық Айтейя Билон, қытайлық Ли Цзянь бар. Соңғы үшеуі – экс әлем чемпионы. Небары 20 жастағы Надежда бұл қыздардың барлығына төтеп береді деген сенімдеміз. «Юбка киген Тайсон» дейтін лақап аты бар Рябецке тек сәттілік тілейміз.

Күллі қазақ өз спортшылары үшін тақым қысары сөзсіз. Ал боксшыларға сенім артады. Ең бастысы – төрешілердің көзі түзу болса болғаны.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы