7.06.2021, 11:33
Қараулар: 16
Рәміздер күніне арналған марафон

Рәміздер күніне арналған марафон

Бәйтерек ауданы Дариян ауылдық округінің жастары ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Рәміздер күні мерекесіне араналған «Жүгіру марафоны-2021» шарасын ұйымдастырды. Спорттық шара ауылдық округ әкімдігі мен жергілікті «Дарьинская вода» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Сергей Горбуновтың қолдауымен оздырылды.

Дариян ауылынан Орал қаласындағы Тұңғыш Президент алаңына дейін жүгіріп өткен спортылар арасында аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев, ауыл жастары, округ әкімдігінің аппараты, Приурал полиция бөлімі мен №22 өрт сөндіру бекеті, мәдениет саласының мамандары мен тәуелсіздік құрдастары болды.

-Мың өліп, мың тірілген» қазақ елі жиырмасыншы ғасырдың соңында тарих сахнасында тағы бір жарқ етті. Өз түтінін өзі түтетуге жол ашқан тәуелсіздікке қол жеткізу арқылы төл рәміздерімізді жариялап, ерекше қуанышқа бөлендік. Рәміздердің тек көркем образ ғана емес, тәуелсіз әрі Елбасы айтқан мәңгілік ел идеясының жаршысы.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Мемлекеттік рәміздер – халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер»,-деп рәміздердің ел өміріндегі маңызын сипаттаған болатын. Біздің санамызға тәуелсіздік идеясын орнықтырып, патриотизмді қалыптастыруда, ұлттық бірлікті нығайтуда ерекше мәнге ие мемлекеттік рәміздеріміздің мерейлі мерекесі құтты болсын. Тәуелсіздігіміздің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздеріміз болашаққа бет түзеген ұлы көшімізді демеп, игі істерімізді қолдай берсін,-деді марафоншыларды құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

Кейін Ерікқали Ғұмарұлы шара ұйымдастырушылары мен спортшыларға мақтау қағаздар табыс етті.

-Марафон жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында өткізілді. Осы арқылы біз өскелең ұрпаққа осындай мереке бар екенін және мемлекеттік рәміздер біздің мақтанышымыз екенін көрсеткіміз келді. Болашақта бұл мерекені кең көлемде атап өтуіміз керек екенін де айтқымыз келді,-дейді Дариян ауылы жастарының жетекшісі Марзия Кунусбаева.

Ұйымдастырушылар мұндай спорттық шараларды дәстүрлі түрде өткізіп отыруды көздейді.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы