29.12.2021, 9:46
Қараулар: 26
Спортшыларды қабылдады

Спортшыларды қабылдады

Грэпплингтен әлем чемпионатының қола жүлдегері Нұрболат Бахибаев, каратэ до шотаканнан әлем чемпионы атанған Арсен Кулов, таэквондодан Еуропа чемпионы, әлем кубогінің иегері Даниил Рубцов, акробатикадан әлем біріншілігінің жеңімпазы Ислам Қабдолов және жеңіл атлет, қысқы Президенттік көпсайыстан ел чемпионы Наталья Панова сынды ауданның ғана емес, облысымыздың, еліміздің атын алты қырдан асырып, талай байрақты бәсекенің алдын бермей жүрген спортшылар аудан әкімі Марат Тоқжановтың қабылдауында болды.

Қабылдауға жас спортшылардың ата-аналары мен бапкерлері де келді. Ашық форматта ұйымдастырылған жиында аудан әкімі әр спортшының жеткен жетістігі туралы сұрап біліп, олардың қолдаушыларына да ризашылығын білдірді.
-Спорт – елдің еңсесін көтеріп, рухын жанитын өнер. Жас болса да өздерін тек жақсы да мықты қырынан таныта алған өздеріңдей спортшыларға құрмет көрсету – елдің міндеті. Сіздер өз өнеріңіз арқылы артыңыздан ерген іні-қарындастарыңызға үлгі көрсетіп жүрсіздер. Бүгінгі жетістігіңіз – алда алар асуларыңыздың алғашқы баспалдақтары. Ел мақтанар, ата-аналарыңыз мақтан етер чемпион болуларыңызға тілекшімін,-деді спортшыларға ризашылығын білдірген аудан басшысы Марат Тоқжанов.
Кездесуде жас спортшылар спорттағы жетістіктерін айтып, бұдан да жоғары белестерді бағындыруға ниетті екендіктерін жеткізді.
Өз кезегінде жас спортшылардың ата-аналары мен бапкерлері атынан сөз алған Ислам Қабдоловтың әкесі Есен Айсағалиев пен Даниил Рубцовтың атасы Аманғали Хамзин осындай кездесулер спортшыларға ерекше рух беріп, жаңа белестерді бағындыруға талпындыратынын айтты.
Шара соңында ел намысын абыроймен қорғап жүрген өрендерге аудан әкімінің алғыс хаты мен бағалы сыйлығы табысталды.

Түгелбай Бисен

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz