9.08.2021, 15:47
Қараулар: 49
Тәуелсіздік тойына арналған марафон

Тәуелсіздік тойына арналған марафон

Переметныйда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Токио олимпиадасында өнер көрсетіп жатқан спортшыларымызды қолдауға арналған жүгіру марафоны ұйымдастырылды. Оған аудан орталығы мен ауылдық округтерден келген спортшылар мен жастар қатысты.

Ауылдың басты көшелерімен жүгіріп өткен спортшыларға аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев пен аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Радик Ихласов қолдау білдірді.

-Тәуелсіздік — қазақ үшін қасиетті ұғым. Ата-бабамыз аңсаған еркіндікке біздің ұрпақ қол жеткізді. Елдігіміз, бірлігіміз бен татулығымыз мәңгі болсын. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортты жанына серік еткен жастарымыздың саны күн санап арта берсін,-деді марафон қатысушыларын құттықтаған аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

Жастарды спортпен айналысуға шақырып, салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған шара соңында белсенді қатысқан спортшылар марапатталды. Сондай-ақ бәйге алдын бермегендерге де медальдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.

Қорытындысында нәзік жандылар арасында Зарина Габдушева — екінші, Ляззат Төлепбергенова бірінші орын иеленді. Ал ерлер арасындағы сында Ибрахим Абдиров — үшінші, Ақылбек Турагалиев — екінші, Ақылбек Қабдолмәжит бірінші орын иеленді.

Барлық жеңімпаздар мен марафон қатысушыларына медальдар табысталды.

Түгелбай Бисен,

Бәйтерек ауданы